ДИКТОР: Бүгін Болашақ Сарайының 5 жылдына орай «Бес қанат – бір мақсат: қосымша білімнің жаңа кезеңі» атты аймақтық семинары ұйымдастырылды. Шара 6 бағыт бойынша өтті. Семинарға арнайы келген қонағы Гүлнәр Балғабаева Болашақ Сарайы тәрбиеленушілердің жобалары және жетістіктерімен танысты. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Болашақ Сарайы қосымша білім беру саласының 5 бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Оның негізгі мақсаты 4 пен 21 жас аралығындағы балалар мен жастардың жеке тұлға ретінде дамуына, денсаулықтарын шынықтыруына өз үлесін қосу. Workshop аясында қонақтар үшін экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда мекеменің заманауи технологияларымен жабдықталуы, тәрбиеленушілердің жобалары мен жетістіктер көрмесі ұсынылды.

СНХ: САЯТ ҚУАНДИЕВ, ЖОБА АВТОРЫ: Бұл жерасты жылыжай жүйесі. Мұнда біздің басты артықшылығымыз жер астында. Жер астында қысты күні суық өтпейді, жазды күні жылу өткізбейді. Түрлі датчиктері бар. Судың датчигі. Су аз болса лампочка жанады, сөйтіп судың нормасын келтіреміз. Мұндағы өсіретін өсімдіктер қызанақ, қияр, көк шөп салаттары. Цитрус өсіруге болады, бірақ олардың өсу уақыты көп болады. Жыл сайын үш рет өнім алуға болады. Қажет қаражат 22 милион. Өзін 3 жылда ақтайды.

РКС: Данияр Қожахметов, «Bolashaq Saraiy» мекемесінің қосымша білім беру педагогы. Шәкірттеріне қыш өңдеу өнерін үйретеді. Оның оқушылары түрлі байқауларда саздан жасалған бұйымдарын ұсынып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Педагогтың айтуынша, қыш өнері балалардың жауапкершілігін арттырып, қол моторикасын дамытады. Мұнда балалар 10 адамнан құралған үш топта аптасына бес күн оқытылады.

СНХ: ДАНИЯР ҚОЖАХМЕТОВ, «BOLASHAQ SARAIY» МЕКЕМЕСІНІҢ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ПЕДАГОГЫ: Шеберханамызда балалар бұйымдарды дайындаудың саз кесегінен дайын бұйымға дейінгі толық технологиялық процесінен өтеді. Қазақ ұлттық мәдениетінің мотивтерін қолданамыз. Гончар дөңгелегінде жасау технологиясы мен қолмен қалыптау әдісі пайдаланылады. Балалар гончар ісімен қызығушылықпен айналысады. Оқушылар өз шеберлік деңгейіне қарамастан жақсы нәтиже көрсете алады.

РКС: Экскурсиядан кейін ұйымдастырушылар мен қонақтар пленарлық сессияға қатысты. Мекеме қосымша білім берудің жаңа бағдарламасын үйлестіру мақсатында көптеген білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста.

СНХ: САМАЛ ҚАБДУШЕВА, «BOLASHAQ SARAIY» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Болашақ Сарайында ғылыми-зияткерлік, медиа-шығармашылық, спорттық сауықтыру, IT-инженерлік бағыттарында және педагогикалық-психологиялық қызмет бойынша 101 үйірме, 238 топта 3 мыңнан астам білім алушы қамтылған. Болашақ Сарайы білім алушылардың жыл бойы жинаған жетістіктерінің нәтижесін бағалау, көрсеткіштерін атап өту, ынталандыру мақсатында жыл қорытындысына арналған «Болашақ Премиясы» ұйымдастырылады.

РКС: Шара соңында республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының кәсіби құзыреттіліктерді дамыту жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Балғабаева Болашақ Сарайының педагогтарын Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева мекеме педагогтарын Құрмет грамотасымен марапаттап, музыкалық жабдықтарын сатып алуға сертификат сыйлады. Бұдан бөлек Болашақ Сарайының басшысы Самал Қабдушева Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Айырықша жетістіктері үшін» арнайы медалімен марапатталды.

ИНТЕРШУМ:

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ