ДИКТОР: Биыл тұрмыстық газ қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы салдарынан 6 өрт оқиғасы тіркелген. Ал автокөліктерге орнатылған газбаллон жабдықтарын қолдану кезінде 10 факті анықталды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Аймақта «Газ баллоны» республикалық акциясы жалғасуда.

РКС: Шараны облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері бірлесіп ұйымдастыруда. Акция барысында мамандар көлік жүргізушілеріне, сондай-ақ газ құю бекеттерінің қызметкерлеріне сұйытылған газды қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіріп, кеңес берді.

СНХ: РЕНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде өрт сөндіру кезінде департамент қызметкерлері тұрғын үйлерден өрт салдарынан қауіпті жағдай туғызған 100-ден астам газ баллонын сыртқа шығарды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаспақ. Тұрғындарға газ баллондарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды еске саламыз. Газ плиталарына жүйелі түрде техникалық қызмет көрсетіп, тексеріс жүргізіп отыру қажет. Сонымен қатар автокөлік жүргізушілеріне де газ баллоны қондырғыларына дәл осындай профилактикалық шараларды уақытылы орындауға кеңес береміз.

РКС: Тексеру жұмыстары жеке тұрғын үйлер мен паркингтерді де қамтыды.

СНХ:СВЕТЛАНА ЛИСОМАТКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен, өз басым, газ қолдануға қарсымын. Өзіме электр плитасы ыңғайлы. Ал жалпы қауіпсіздік үшін әр пәтерде, әсіресе жеке тұрғын үй секторында тұратын тұрғындар газдан қорғайтын арнайы датчик орнатылуы қажет екен. Оның өзі қымбат та емес. Сондықтан әрбір тұрғын осындай құрылғыны орнатып алса, дұрыс болар еді.

РКС: Көгілдір отынды қолдану тәртібі «Газ және газбен қамтамасыз ету» Заңымен реттеледі. Оған сәйкес, екі қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын қолдануға қатаң тыйым салынады. Ал талап бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар газ баллондары міндетті түрде техникалық тексеруден өтуі тиіс. Айта кетейік, «Газ баллоны» акциясы желтоқсанның 5-іне дейін жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ