ДИКТОР: Көкшетау қаласында бастауыш сынып оқушыларына арнап ерекше форматта қауіпсіздік шарасы ұйымдастырылды. Қаладан бөлек, Бұланды, Біржан сал, Бурабай мен Зеренді аудандарынан да мектеп оқушылары арнайы шақырылған. Төтенше жағдайлардан қорғану ережелері бүлдіршіндерге театрландырылған қойылым арқылы түсіндірілді. Шараны облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры бірлесе өткізді. Бұл іс-шараның мұндай форматта алғаш рет өтіп жатқанын атап өткен жөн.
РКС: Келген бүлдіршіндердің саны 300-ге жуық. Театрландырылған көрініс барысында балаларға қауіп төнген жағдайда өзін-өзі қалай ұстау керек, қайда хабар беру қажет, алғашқы әрекеттерді қандай ретпен орындау керек - барлығы ойын элементтерімен, қызықты сахналық қойылым арқылы әсерлі жеткізілді. Жанды музыка, ертегі кейіпкерлері және интерактивті тапсырмалар балғын көрерменді баурап, қауіпсіздік ережелерін еш қиындықсыз есте сақтауға мүмкіндік берді.
СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Спектакльдің басты маңызы балалардың төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез құлық жағдайларын арттыру және хабарлама арттыру. Осы спектакльде облысымыздың Бұланды, Біржан сал, Бурабай, Зеренді өңірлерінен балалар қатысты. Департамент пен театрдың осындай өте маңызды іс шаралар жалғастырады деп ойлаймыз.
РКС: Сахналық қойылым – баланың қиялына тікелей әсер ететін ерекше тәсіл. Мұнда бүлдіршін рухани тұрғыда өседі, кейіпкерлермен бірге ой қорытып, оқиғаны сезінеді. Бала залда көрермен болып отырса да, әр образ арқылы ойша жеке жұмыс жүргізеді. Ертегі, ойын элементтері жағдайды жеңіл әрі қызықты етіп қабылдатуға көмектеседі.
СНХ: НАМЫС МАҚСАТҰЛЫ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Бұл қойылыммен біз не айтамыз? Бұл қойылыммен біз баллар өзінің өміріне жауапты болу керек, тәртіпті әдепті болу керек, заңды сақтау керек, заңды бұзбау керек. Үйде мысалы басқаша, ата анамыз мысалы айтады кейбір баллар оны тыңдайды, кейбірі жоқ деген секілді. Ал театр ол басқа әлем. Ойын арқылы оларға бұл әдіс жеңіл көрінеді. Бұл ертегі балалардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Өйткені олар белсенді болды, әр сұраққа бірден жауап беріп отырды, шулап айқайлап отырды және де ертегі ұнады ма деген кезде ия ия бізге қатты ұнады деді.
РКС: Залды ерекше көңіл күй кернеді. Балдырғандар қолдарын шапшаң көтеріп, сұрақтарға жарыса жауап берді. Тіпті ертегі әлеміне еніп кеткендей күй кешті. Бір сағаттық қойылым көзді ашып-жұмғандай тез өтті, барлығы қызығушылықпен тамашалады. Әсерге толы ойларын ықыласпен жеткізді.
СНХ: ЕРНАР БАҚЫТЖАН, МАКИНСК МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл қойылым маған өте ұнады. Мен одан көп әсер алдым. Жол ережелерін және тәртіпті болуды түсіндім. Бір сөзбен айтқанда бұл қойылым маған өте ұнады.
СНХ: ТИМУР ВОЛЬСКИЙ, МАКИНСК МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл театрдан мен көп нәрселерді үйрендім. Тәртіп бұзбау және заңға қайшы болмау. Шын өмірде мен енді бұзық бала сияқты әсерлерді істемеймін. Табиғатқа көмектесіп, оларға үлес қосамын. Мен үйде және табиғатта сіреңкемен ойнауға болмайды екенін білдім. Енді және басқаларға айтамын сіреңкемен ойнауға болмайды. Жол белгілері туралы мен жаңа жол белгілерін білдім. Пешеход деген, жолды өтпе деген жол ережелері білдім.
СНХ: АРУЖАН МАРАТ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ №19 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен қауіпсіздік ережелерін бүгін түсіндім. Мен енді отпен ойнамаймын. Ата-анамнан қашпаймын. Өйткені олар қобалжиды. Ормандарға кетіп қалмаймын. Менің жоғалып кетуім мүмкін. Мен өзендерге түспеймін, мен жолдағы ережелерді қарап жүремін.
РКС: Залда арнайы дайындалған видеороликтер көрсетіліп, қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық стендтер орнатылды. Ал ұлдар өрт сөндірушінің арнайы киімін киіп көріп, өздерін нағыз құтқарушыдай сезініп мәз-мейрам болды. Бұл әсерлі сәт олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, қауіпсіздік саласына деген ынта-ықыластарын одан әрі оятты.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ