ДИКТОР: Ақмола облысында отбасы ажырасуларының артуы алаңдаушылық туғызып отыр. Жыл басынан бері облыстық кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2 мыңнан астам азаматтық іс түскен. Оның бәрі қаралды. Барлық іс отбасылық мәселелер мен бала құқықтарын қорғауға тікелей қатысты.
РКС: Мамандар көп ретте жас отбасылардың арасында ажырасу көп екенін айтуда. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында-ақ түрлі қиындыққа шыдамсыздық танытады-дейді.
СНХ: ГҮЛМИРА ТӨЛЕУБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ЖАСЫ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Өкінішке қарай, неке бұзу істері жыл озған сайын көбейіп келеді. Статистика бойынша көбіне жас отбасылар ажырасады. Жақында ғана шаңырақ көтерген жұбайлар өмірдің түрлі қиындықтарына төтеп бере алмайды. Бұл — тұрғын үй, материалдық жағдай және басқа да мәселелер. Мұның бәрі талап-арыздар мен сот отырыстарында көрініс беруде.
РКС: Неке бұзылғаннан кейін тараптар арасында қосымша даулар туындайды. Соның ең кең таралғаны — алимент өндіру. Бұл бағыт сот жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
СНХ: НҰРЛАН ТОҚЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ӘКІМШІ-ЖЕТЕКШІСІ: Алимент өндіруге қатысты 463 іс келіп түсті. Оның 425-іне сот бұйрығы шығарылып, аймақтық палаталарға орындалуға жолданды. Ақмола облысы бойынша алиментті қасақана төлемейтіндерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 18 іс түсті. Олардың 16-сы бойынша үкім шығарылса, 2 іс бойынша тараптар татуласты.
РКС: Дауларды шешу барысында балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. Олардың өмір сүру жағдайларын объективті бағалау үшін психологтар тартылады. Олар әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіп, отбасындағы ахуалды жан-жақты талдайды.
СНХ: ВАЛЕРИЯ ГЕРГЕРТ, ОБЛЫСТЫҚ КӘМЕЛЕТКЕ ЖАСЫ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ИНСПЕКТОР-ПСИХОЛОГЫ: Мұндай зерттеудің негізгі міндеттерінің бірі баланың тәрбиеленіп жатқан ортасының эмоционалдық жағдайын ғана емес, оның адамгершілік деңгейін де бағалау. Зерттеудің мақсаты сот шешімін ауыстыру емес, судьяға баланың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын, ата-анамен қарым-қатынасы қандай екенін және отбасыдағы қауіптер мен мүмкіндіктерді көрсету.
РКС: Заңдық және психологиялық бағалауды қамтитын кешенді тәсіл неғұрлым негізді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс форматы балалар үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл — сот органдарының басты басымдығы.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАНИЯР ЖҰМАҒУЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ