ДИКТОР: Ерейментау ауданына қарасты Торғай ауылында маңызды әлеуметтік нысан – жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті заманауи, кең әрі жайлы жаңа ғимаратта ала алады. Сонымен қатар өңірге инвестициялар тартылып, толық циклді ет кластерін құру бағытындағы жұмыстар да басталып кетті. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында ауыл халқымен кездесіп, ауданның алдағы даму жоспарларымен бөлісті.

РКС: Әлеуметтік нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген. Жаңа амбулаторияның ашылуы Торғай мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі 2 мыңға жуық тұрғын үшін зор қуаныш. Себебі ауыл халқы бұған дейін жарты ғасыр бұрын салынған, апатты күйдегі ескі ғимаратта қызмет алуға мәжбүр болғанын айтады.

 СНХ: ҚАРБОЗ ҚАЗБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Енді тұғанын бастап 85 жыл тұрамын. Сол Торғай ауылында. Торғай ауылымыз бүгін көркейіп мынау емханамыз салынды. Жақсы … жүрміз. Осындай әрдайым Қазақстан өсе берсін, өркендей берсін. Барша осы әкімшілікке ризамыз, осындай қуанышқа бөлеп жатыр. Ертең бірдеме болып, ауырып соған қуаныш. Енді алысқа бармай, өзіміздің ауылымызда… Сол ақ тілегімізді тілейміз.

РКС: Жаңа амбулаторияда 11 маман жұмыс істейді. Биыл 5 сәби дүниеге келсе, тағы үш жүкті әйел есепте тұр. Сол себепті акушерлік кабинет – мекеменің басты артықшылықтарының бірі.

СНХ: МАРАЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Бұрын жүкті әйелдерге арналған арнайы кабинет болған жоқ. Ал мұнда барлық қажетті бөлмелер қарастырылған. Реабилитациялық кабинет бар – инсульт алған немесе жарақаттан кейінгі науқастарға қызмет көрсетіледі. Акушерлік кабинет видеокольпоскоппен жабдықталған. Физиокабинет те бар. Амбулатория сапалы салынған, ешқандай ақау жоқ.

РКС: Аймақ басшысы ауылдарда алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру басты басымдықтың бірі екенін атап өтті. Бүгінде ауданның тоғыз ауылында 5 мыңнан астам тұрғын үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі жақсарған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Халыққа осы ағаларымыз, апаларымыз келіп отыр. Міне стационар, койкалары бар. Осы жерге келіп, ауырып, кинәліп келмей, профилактика дейміз ғой. Келіп, бір дәрі дәрмек алу. Мына жерде аптека бар. Бүкіл керекті дәрмек осы жерден алу керек. Тегін дәрі дәрмек бәрі осы жерде болу керек.

РКС: Аймақ басшысы жұмыс сапарын «Торғай» шаруашылығындағы мал қыстақ алаңында жалғастырды. Ауданда ірі көлемдегі ет кластерін қалыптастыру басталды. Жобаға 16 млрд теңгеге жуық инвестиция салынбақ.

СНХ: ГҮЛМИРА ИСАЕВА, КОНСОРЦИУМ КЕҢЕСШІСІ: Үш түрлі инвестор қатысып отыр. Екі компания – қазақстандық болса, біреуі – ресейлік. Калмақ тұқымды ірі қараға арналған екі племрепродуктор құрылуда. Бастапқыда 2,5 мың бас болса, бес жылда оны 10 мың басқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

РКС: Жобаны одан әрі дамыту үшін шаруашылыққа жайылымдық жер мен ғылыми сүйемелдеу қажет. Облыс әкімі бизнестің дамуына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал жоба жүзеге асырылса, 200-ден астам тұрақты және екі есе көп маусымдық жұмыс орнын ашылмақ. Бұл өз кезегінде бюджетке жыл сайын 1 млрд.теңгеден астам салық түсіреді деп күтілуде. Сондай-ақ жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамытып жатқан жергілікті тұрғындармен кооперация құруды көздеп отыр. Сапар соңында облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ерейментау ауданының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Мұнда тас көмір мен мыс кенін өндіру жолға қойылған. Былтыр Қызылту кен орнына дейін салынған теміржол мыс-молибден кенін қайта игеруге мүмкіндік берді. Жыл қорытындысы бойынша аудан пайдалы қазбаларды өндіру көлемін арттырады. Ал жергілікті билік бизнестен әлеуметтік жауапкершілік пен ауылдарды қолдауды күтетінін жеткізді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ