ДИКТОР: Біржан сал ауданына қарасты Сәуле ауылында тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа саябақ пайдалануға берілді. Құрылыстың жүзеге асуына өңірлік екі серіктестік пен ауыл халқы белсенді түрде атсалысты. Бұл жоба ауыл жұртының ауызбіршілігі мен елжанды кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында жүзеге асқан айтулы іс ретінде танылып отыр.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Нысан құрылысына 3,5 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Ең маңыздысы – құрылыс жұмыстары жергілікті халықтың күшімен атқарылған. Сырттан ешқандай жұмысшы тартпай аяқталған іс Сәуле ауылы тұрғындарының ұйымшылдығы мен белсенділігін айқындаса керек. Қазір ауылда 300-ден аса тұрғын тұрады. Барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске белсене атсалысты.

СНХ: ЖҰМАБЕК ДОСМАҒАНБЕТОВ, СӘУЛЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы саябақтың ашылуына үлкен үлес қосқан Төлеуов Амантай, Досмағанбетов Ерлан, Досмағанбетов Нұрбек сияқты жігіттер көп көмектесті. Одан кейін мына школдың балаларына көп рахмет, қаншама көмектесті, күні бойы, түні бойы осында істеді. Одан кейін мына ауылдың мұғалімдеріне, ауылдың зейнеткер әйелдеріне рахмет айтамыз, осы шарбағын барлығын краскалап көмектесті.

РКС: Жаңадан салынған саябақ – тынығуға арналған жер ғана емес, ауылдың ажарын ашып, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін орта. Салтанатты шара барысында елдің ақсақалдары жастар тарапынан жасалған жұмысқа ризашылықтарын білдіріп, «жастары еңбекқор болса, ауылдың да келешегі кемел, болашағы жарқын», – деп игі тілектерін арнады.

СНХ: БАҚЫТ САҒЫНБАЕВА, СӘУЛЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін Сәуле ауылында үлкен бір мерейтой болып жатыр. Ол саядағымыз ашылып жатыр. Ол жастарымыздың еңбегі. Одан қалды 77-жылғы түлектер сол саябаққа өз қаражаттарымен өздері жинап, ағаш әкеп отырғызды бір қолдан. Содан орындықтарын әкелді. Ауылда көмектесіп. Ертең сол еккен ағаштарымыз жайқалып, сондай теректің ішінде жас бүлдіршіндер ойнайтын болсын. Еліміз көркейе берсін.

РКС: Аудан әкімі Бауыржан Қасенов ауыл тұрғындарын керемет демалыс орнының ашылуымен құттықтап, саябақ құрылысына үлес қосқан азаматтарға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың атынан Алғыс хат табыстады. Шара мерекелік концертпен түйінделді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ