ДИКТОР: Қорғалжында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт нысаны «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында қолданысқа беріліп отыр. Ауыл тұрғындары оның ашылуын ұзақ күтті. Өйткені, оны тапсыру мерзімі бірнеше мәрте кешіктірілді. Заманауи жаңа әрі жайлы ғимаратта жергілікті спорт мектебінің сабақтары өтеді. Тілші баяндасын.
РКС: Бүгін Қорғалжын ауданының спортшылары үшін қуанышты күн. Екі жыл ішінде дәл орталықта күніне 80 адамға қызмет көрсететін жаңа спорт және сауықтыру кешені салынды. Ішінде футзал, жекпе-жек пен жаттығу залдары бар. Сонымен қатар үстел теннисі мен боксқа арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимарат заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді жергілікті балалар мен жасөспірімдер мұнда тек жекпе-жекпен шектеліп қана қоймай, командалық спорт түрлерімен де айналыса алады.
СНХ: ӘДІЛХАН ӘЛИЕВ, ҚОРҒАЛЖЫН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біраз жылдан бері басқа мекемелерде арендада отырдық. Қазір енді өз мекемеміз, сол қуаныштымыз. Балалар да, ата-аналар да, жалпы халық. Қорғалжын халқы қуанышты. Біздің спорт мектебінде 432 бала спортпен айналысады. Оның ішінде 8 спорт түрі бар. Біраз жетістіктеріміз бар. Оқушыларымыз енді алдағы уақытта біраз жұмыс істейміз. Енді мына кезде спорт кешеніміз ашылып отыр. Алла жазса, енді жоспарда Олимпиада, әлем чемпионын шығаруға деген ниетіміз бар.
РКС: Жаңа спорт кешенінде бірінші кезекте балуандар дайындыққа кірісті. Олардың арасында төрт жылдан бері күреспен айналысып жүрген 11 жастағы Қайсар Зейнуғабиден де бар.
СНХ: ҚАЙСАР ЗЕЙНУҒАБИДЕН, СПОРТШЫ: Күреске қатысып жүргеніме жеті жыл болды. Мен жеті жылда қаншама жарыстарға барғанмын. Ол жарыстарда ең мықтылары Ерейментау қаласында, Степногорск қаласында, Павлодар қаласында және де республикамыздың чемпионымын. Мен Әділхан Құдайбергенов ағаймыма көп рахмет айтамын. Чемпион болуға мүмкіндіктер бар.
РКС: Орталықтың ашылуына өңір басшысы Марат Ахметжанов қатысты. Ол облыста спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Биыл өңірде 12 спорт нысаны ашылды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл кешеннің ашылуы, іске қосылуы осы тұрғындардың белсенді демалуына, дене шынықтыруына, және осы жерде жүйелі спортпен айналысуға толық мүмкіндік тұғызатын бір жақсы нысан. Енді көптен күтіңіздер. Бірақ та енді осы салауатты өмір салтына көшу барысында үлкен қомақты жұмыстар жасалып отыр. Биыл дәл осындай 12 нысан облысымыздың әрбір ауданында ашылып отыр. Сондықтан осы болашағын ойлайтын, ел денсаулығын ойлайтын мемлекет міне балаларға, біздің азаматтарға осындай мүмкіндік тұғызады.
РКС: Дене шынықтыру және сауықтыру кешенін атақты спортшылар мен сала ардагерлері де аралап көрді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін арнады.
СНХ: ЖҰМАЖАН ТӨЛЕУҰЛЫ, МАЙШҰҚЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мынау артымыздан өсіп келе жатқан ұрпақ жастар балалар осында шынығып үлкен елдің азаматы болып болашақта осы елдің басқаратын да осылар. Осы балалардың дені-денсаулық үшін, өздері мықты болу үшін салынған мынау кесене елді қуантып тұр. Ал біздер, үлкендер, ақсақалдар, осы балалардың осындай болашақта мынандай спорт залының салынуы қуантып, үлкендер осыған құтты болсын айта келіп тұрмыз.
РКС: Облыста 1200 спорт нысаны бар. Оның жартысынан көбі ауылды жерлерде орналасқан. Жақын арада Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешені ашылады. Сонымен қатар, Бестөбе кенті мен Жақсы ауданында тағы екі кешеннің құрылысы аяқталуға жақын.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ