ДИКТОР: Көкшетауда тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған спортшылар арасында шахмат пен дойбыдан VII Республикалық спартакиада басталды. Ол еліміздің бес өңірін қамтитын ауқымды жарыстың бір бөлігі.
РКС: Спартакиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық спортшы қатысып отыр. Жарыс спорттың 17 түрінен өтеді. Көкшетаудан бөлек, жарыс Астана, Тараз, Өскемен қалаларында және Алматы облысында өтіп жатыр.
СНХ: РУСТАМ ҒҰБАЙДОЛЛА, ДОЙБЫ ЖӘНЕ ШАХМАТ БОЙЫНША АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ /ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ/: Павлодардан 11 спортшы қатысып отыр. Тірек-қимыл аппараты зақымданғандар арасында шахматтан үш спортшы, көру органдары зақымданғандар арасында шахматтан үшеу. 64 және 100 түріндегі дойбыдан үш спортшыдан қатысып отыр. Жарысқа көп дайындалдық, өйткені бұл спартакиада өте маңызды жарыс.
РКС: Жарыс Швейцария жүйесінде өткізіліп жатыр. Бұл турнирлердің ең көп таралған түрлерінің бірі, мұнда қатысушылар турлардың белгіленген санын ойнайды, бірақ жеңіліп қалғаннан кейін жарыстан шықпайды.
СНХ: ЗИНЯТҚЫЗ НҮСІПБАЕВА, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ТҰЛҒАЛАРҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПОРТТЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Швейцария жүйесі бойынша командада үш адам қатысса, әр ойында жеке ұпайлар бөлек есептеледі, кейін ұпайлары жинақталады және командалық есеп шығарылады.
РКС: Жарысқа шахмат әлеміндегі танымал спортшылар да қатысуда. Оның ішінде екі дүркін әлем чемпионы Әлімжан Аяпов та бар. Спортшы мұндай жоғары атаққа апаратын жол оңай болмағанын атап өтті.
СНХ: ӘЛІМЖАН АЯПОВ, ШАХМАТТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Спорттық жолымды республикалық жарыстарға қатысудан бастадым, бірінші орындарға ие болдым. Кейін Параазиялық ойындардың жарыстарда командалық үшінші орынға ие болдық. Былтыр Арменияда әлем чемпионатында бірінші орын алдым.
РКС: Спартакиада мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында бұқаралық және кәсіби спортты насихаттауға ғана емес, сонымен қатар белсенді және салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондай-ақ, жарыс ұлттық құрама құрамына спортшыларды іріктеу үшін маңызды алаңға айналады,- деп атап өтті ұйымдастырушылар.
ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ