ДИКТОР: Биыл облыс бойынша 14 миллион түп ағаш егу жоспарланған. Осылайша, 2 мың гектар алқап көгалдандырылмақ. Бүгінге дейін көшет егу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мәселен, жыл басынан бері ақмолалықтар 13 миллионнан астам көшет отырғызып үлгерген.
РКС: "Бұқпа" орман шаруашылығында ағаш көшеттерін отырғызу науқаны толық аяқталды. Орманшылар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, белсенді еңбек етті. Биыл олар 180 гектар алқапты жасыл желекке бөлеуді көздеп отыр.
СНХ: БАТЫРЖАН ӘБІЛПЕЙІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ел Президентінің тапсырмасына орай ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жөніндегі өңірлік жоспар жасалды. Оған сәйкес "Таза Қазақстан" акциясы аясында Ақмола облысының елді мекендерінде шамамен 15 миллион түп ағаш отырғызу көзделген. Облыс аумағында 4 жыл ішінде 325 мың көшет отырғызылды. Биыл тағы 175 мың түп егу жоспарда бар. Көктемде "Таза Қазақстан" акциясы аясында сенбіліктерде, таза бейсенбілерде және түрлі іс-шараларда елді мекендерде шамамен 40 000 көшет отырғызылды.
РКС: Ашық алқаптарға отырғызылатын жас талдар ерекше күтімді талап етеді. Мамандардың айтуынша, егілген көшеттердің 80 проценті жерсініп, қалыпты өсіп-жетілуде. Қурап қалған ағаштардың орнын орманшылар үнемі жаңа көшеттермен алмастырып отырады. Бұл игі іске студенттер мен волонтерлер де белсенді түрде атсалысып келеді.
СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысы бойынша “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында волонтерлердің қатысуымен “Отбасы ағашы” атты көшет отырғызу шарасы өтті. Жалпы 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар 30 наурыздан бастап, қала бойынша әр сенбі экологиялық плоггинтер өткізілді. Акция аясында волонтерлер түрлі шаралар ұйымдастырды.. Жалпы аталмыш челенджге 1500-ден астам волонтер қатысты.
РКС: Көшеттердің ойдағыдай өсіп, жетілуі ең алдымен тұқымның сапасына тікелей байланысты. Бұл ретте Арқаның қатаң климатына төзімді ағаш түрлерін іріктеп алу маңызды. Қазір өңірдің екі ауданында арнайы тұқымбақтар салынуда. Бұл орталықтарда жыл сайын миллиондаған сапалы көшет өсіріліп, табиғатты қорғау және көгалдандыру жұмыстарына бағытталады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ