ДИКТОР: Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. Жыл сайын бұл күні Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі халықтың назарын қоршаған орта проблемаларына аудартады. Атаулы күнге орай бүгін Зеренді ауылында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара мерекелік атмосферада өтіп, оған жастар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен экобелсенділер қатысты.

РКС: «Жасыл ел» маусымы жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен қоршаған ортаны қорғауға және аумақты абаттандыруға өз үлесін қосқысы келетін жастарды біріктіреді. Биыл жоба өзінің 20 жылдығын атап өтуде және көгалдандыру мен аумақты тазарту жұмыстарын жалғастыруда. Шараға қатысушыларға арналған экологиялық викторина ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жүлделер табысталды. Экологияға қамқорлық - әркімнің жауапкершілігі болғандықтан, бұл қозғалысқа жергілікті билік те белсенді қатысуда.

СНХ: ГҮЛМИРА КӘРІМОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Аталған акция жастардың экологиялық тәрбиесіне бағытталған, және жастар саябақтар мен орман алқаптарын көгалдандырумен қатар, облысымыздың әрі жалпы еліміздің дамуына да өз үлесін қосып жатыр.

РКС: Былтыр өңірде экологиялық бағыттағы шамамен 3 мың шара өтті. Оларға 400 мыңға жуық ақмолалық қатысты.

СНХ: ЖОЛДАСҚАН ҚАРАБАЕВ, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бізде наурыз айынан бастап «Парктер шеруі» акциясы басталды. Біздің қызметкерлер осы акцияға белсенді қатысты. Мектептермен, университеттермен жұмыс жүргізілді, әңгімелер, семинарлар, түрлі викториналар өткізілді. Жас ұрпаққа ұлттық парктер не үшін қажет екені, біз немен айналысамыз, табиғатымыздың көрікті жерлерін, көлдер мен ормандарды сақтау үшін не істеу керек екенін түсіндірдік.

РКС: Шараның ресми бөлімінен кейін экологиялық акция ұйымдастырылып, аумақ тазартылды. Жастардың еңбек жасақтары мен Зеренді ауданының тұрғындары қоғамдық орындарды қоқыстан тазалап, белсенді азаматтық ұстаным мен табиғатқа деген қамқорлығын көрсетті.

СНХ: ҚАНАТ ЖҮСІПОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Зеренді көлі - ауданымыздың визит картасы деп айтуға болады. Бұл жерге жыл сайын мыңдаған туристер келеді. Біз табиғатымызды мақтан тұтамыз және оны болашақ ұрпақ үшін сақтау жолында барлық күшімізді саламыз. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тұрғындарымыздың, соның ішінде жастардың қатысуымен тұрақты түрде экологиялық іс-шаралар өткізіп келеміз. Ауданымыздың барлық қонақтарын және жерлестерімізді экологиялық мәдениетті сақтауға шақырамын, себебі тазалық - қоқысты жинаған жерде емес, қоқыс тасталмайтын жерде болады.

РКС: Аумақты тазалауға 120 адам қатысты. Олар шамамен жарты тонна қоқыс жинады. «Жасыл ел» жобасы бүкіл ел бойынша қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын жастарды біріктірді.

СНХ: ЖҰЛДЫЗАЙ ЕРҒАЛИЕВА, "ЖАСЫЛ ЕЛ" ҰЙЫМЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Осындай шаралардың арқасында біз бәріміз бірлесіп, тәжірибемізбен бөлісеміз, жаңа достар табамыз. Сонымен қатар, ауылдар мен қалаларды көгалдандыру мен тазалауға үлкен үлес қосамыз.

РКС: «Жасыл ел» жобасы жаз бойы өз жұмысын жалғастыра береді.. Облыс бойынша шамамен 1500 жас маусымдық жұмыспен қамтылмақ. Ұйымдастырушылар осындай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақ арасында қоршаған ортаның жағдайына жауапкершілікті арттыру үшін маңыздылығын атап өтті.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ