ДИКТОР: Бүгін 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылы дәл осы күні еліміздің басты нышандары — Ту, Елтаңба және Әнұран ресми түрде бекітілді. 2007 жылдан бастап бұл күн «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң аясында еліміздің әр азаматының бойында патриоттық рух пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды мереке ретінде аталып келеді. Осыған орай, Көкшетауда Ту тұғыры алаңында салтанатты іс-шара өтті. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бұдан соң аймақ басшысы Марат Ахметжанов барша қазақстандықты мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына тоқталды. Ол рәміздердің тек елдің бейнесі ғана емес, ұлт рухының, тәуелсіздіктің символы екенін атап өтті. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың бірлігі мен болашағына деген сенімнің айғағы. Олар – ата-бабамыздан жеткен аманат әрі жас ұрпаққа үлгі болатын ұлттық құндылықтар. Сондықтан бұл күнді атап өтудің тәрбиелік мәні зор, – деді ол.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл күн халқымыздың біртұтастығымен, тәуелсіздігіміздің символына айналған қасиетті рәміздерді ерекше құрметтейтін, елдік пен егемендікті ұлықтайтын күн. Көк байрақ азаттықтың, асқақ арманның, биік мақсаттардың белгісі. Елтаңба санғасырлық тарихымыздың, мемлектіміздің, киелі шаңырағымыздың көрінісі. Ал әнұраны ұлт рухын көтеретін, елді біріктіретін жүрек үні, елдік жыры. Біздің қасиетті рәміздеріміз абыз бабалардан қалған аманат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мұра. Оларды құрметтеу тек табалы ғана емес, ұлттық намыс пен перзенттік парыз. Бұл бүкіл қоғамның міндеті. Осы ретте бүгінгі салтанатты іс-шараның тәрбиелік мәні зор.

РКС: Салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты сәулетші Жандарбек Мәлібеков қатысты. Елтаңба авторы мұндай тағылымды шаралардың өткізілуі жастардың жарқын болашағы мен егемен еліміздің азаттығы мен бірлігінің нығаюы үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

СНХ: ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: Менің қуанып отырғаным, бүгін біздің рәміздеріміздің, туымыздың жоғары көтеріліп тұрғанның өзі үлкен қуаныш. Біздің туымыз әрқашан биіктен көріне берсе, біздің де мәртебеміз өседі, рухымыз өседі. Еліміздің тұтастығын, бірлігін білдіретін, ұлы даламыздың философиясы жазылған біздің рәміздеріміздің арқасында біз ел болып, жұрт болып, әлемге әйгілі болып жатқанымыз сондықтан. Мұндай қасиетті күндерді біз құрметтеуіміз керек, айтып, насихаттауымыз керек. Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі. Осындай сөздің мағынасына қарап отырып, шын мәнінде бір ту үшін біз бәріміз жанымыз қалғанша еңбек жасап, елімізді көркейтуге атсалысайық деп ойлаймын.

РКС: Шара барысында өңір дамуына сүбелі үлес қосқан, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсенді атсалысқан бір топ азамат Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АХМЕТ МАШАРУПОВ, ТАЗЫ БАПТАУШЫ: Бүгінгі рәміздер күні құтты болсын! Көк туымыз, көк байрағымыз желбірей берсін! Осы біздің рәміздерімізді құрметтеу әр қазақстандыққа парыз деп санаймын! Осы жерде қатысып жатқанымызға өзіміздің осындай кішігірім еліміздің дамуына, қазақтың ұлттық құндылықтарын дамуына өзіміздің үлесімізді қосып жатырмыз! Осыған өте қуаныштымыз!

РКС: Биыл егемендігіміздің символына айналған мемлекеттік рәміздерге 33 жыл. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзін дербес мемлекет ретінде қалыптастырып қана қоймай, биік рухты Туы, терең мағыналы Елтаңбасы мен Мемлекеттік Әнұраны арқылы бүкіл әлемге танылды. Мемлекеттік рәміздер күні – әр азаматқа ел тарихы мен мәдениетін құрметтеудің, патриоттық сезімді күшейтудің маңыздылығын еске салатын маңызды күн.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ