ДИКТОР: Көкшетауда өткен «Жас құтқарушы» облыстық слеті аймақтың түкпір-түкпірінен келген оқушылардың басын қосты. 56 қатысушыдан құралған 7 команда төтенше жағдайда асқан ептілік, батылдық пен жедел әрекет ету қабілеттерін сынға салды. Екі күнге ұласқан байқаудың жеңімпаздары анықталып, марапатталды.
РКС: Облыстық төтенше жағдайдар жөніндегі департаментінің бастығы Бақытжан Алашов өңірлік слетке қатысушыларға жылы лебізін жеткізді. Аймақтың бас құтқарушысы мектеп оқушыларының азаматтық қорғау саласына деген қызығушылықтары үшін алғыс білдірді. Жарысқа Жақсы, Атбасар, Қорғалжың, Біржан сал аудандары мен Қосшы, Степногорск және Көкшетау қалаларының өкілдері қатысып, әрқайсысы өз өңірінің намысын қорғады.
СНХ: ШАПАҒАТ СӘРСЕНБАЙ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ КОМАНДАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Осы жарысқа жақсы деңгейде дайындалдық деп ойламын.Біздің командаға келсек, балалардың барлығы белсенді қатысады. Барлығы шымыр. Айтқан жарыстардан ешқайсынан қалмайды. Біздің тренеріміз өзі қандай сайыс болады, бәріне апара береді, бетіміз қақпайды. Мен өзім военный школаға түскім келгендіктен осындай жарыстарға қызығамын. Болашақта оқуды жақсы бітіріп, сосын Академияға түсем деген ойым бар. «Жас құтқарушылар» сайысы физически дайындайды, ойлау қабілетін, жылдамдығын. Соған көмектеседі. Сол мамандыққа түсу үшін керек нәрселер.
РКС: Слет бағдарламасы өте ауқымды әрі тартысты болды. Тапсырманы орындау барысында оқушылар құрылғылармен жұмыс істеу икемділігін, сонымен бірге шұғыл жағдайдағы қажет дағдыларды да көрсетуі тиіс болды. Кәсіби құтқарушылар қазылар ретінде ғана емес, жарыстың қауіпсіз өтуін де қамтамасыз етті.
СНХ: ДУЛАТ ҚАЙЫРТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Жас құтқарушы» облыстық слеті өрт эстафетасы, жауынгерлік өрістету, алғашқы көмек көрсету кезеңдерін қамтыды. Сондай-ақ, өзін-өзі көрсетуге байланысты шығармашылық байқау болды. Сонымен бірге су айдынындағы құтқару жұмыстары да енгізілген. Барлық кезең мейілінше шынайы жағдайға ұқсас етілді. Балалар жыл бойы өз өңірінде жарыстар ұйымдастырып, дайындалды. Сол жерде жеңімпаздарын анықтады. Олардың барлығы құтқарушылардың жұмысына қызығатын, оны өздері толық сезінгісі келетін балалар. Құтқарушы әлеміне сүңгиді. Жыл бойы олар өрт қауіпсіздігі шараларын, алғашқы көмек көрсетуді, суда және төтенше жағдайларда құтқаруды үйренеді. Қиындыққа тап болған сәтте өзін қалай ұстау керектігіне машықтанады.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша Қосшы қаласының командасы үшінші орынды иеленді. Біржан сал ауданының өкілдері күміс медаль иегері атанды. Көкшетау командасы слеттің жеңімпазы деп танылды. Енді олар республикалық слетте Ақмола облысының намысын қорғайды.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ДАМИР САДЫҚОВ. КӨКШЕ АҚПАРАТ