ДИКТОР: Алматыда «Айбын - 2024» 10-шы Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Аталған шараға Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Айбын» әскери-патриоттық клубы қатысып, мыңнан озып шықты. Жерлес жеңімпаздарды көкшелік жанкүйерлері теміржол вокзалынан салтанатты түрде қарсы алды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жас патриоттардың Халықаралық жиыны Кеңестер Одағының батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналды. Шара Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлері Әскери институтының «Әли» полигонында өткізілді. «Айбын» клубы 15 команда мүшесінен тұрады. Олар жалпы командалық есепте 1-орынға ие болды.

СНХ: ЕРБАТЫР ҚАБДӨШ, «АЙБЫН» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бұл жарысқа біз жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Бұл 10 жылдық болғандықтан өте жоғары деңгейде болды деп айта аламын. Алдыңғы жылы да осы жарысқа қатысқан болатынбыз. Ол кезде біз 2-орынға ие болдық. Сол кезде біз команда болып сөз берген болатынбыз. Міндетті түрде оралып, 1-орынға ие боламыз деп. Біріншіден, бұл физикалық тұрғыдан өте ауыр болды. Таңғы 6-дан кешкі 11-12 дейін физикалық деңгейде и психолически ауыр болды.

РКС: Қатысушылар турникке тартылу, 3 шақырымды белгілі бір уақытқа жүгіру, арқан тартыс, пневматикалық винтовкадан ату, автомат бұзудан сынды сайыстарда күш сынасты. Айта кетейік, жарысқа еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан 20 команда қатысты. Клуб жетекшілері жеңіске жеткеніне дән риза.

СНХ: ТІЛЕКТЕС ЖАБАҒИН, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ «АЙБЫН» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Біз бұл жарысқа жыл бойы дайындалдық. Яғни, 3 рет әскери жиын өтті. Балалар өз деңгейлерін жақсы көрсетіп, психологиялық-тактикалық түрде қатты дайындық жүргіздік. Соны жарыс барысында дәлелдедік.

РКС: Алдағы уақытта «Айбын» клубы жаңа шыңдарды бағындыруға ниетті. Жеңімпаздарды қарсы алу мақсатында шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Жеңімпаздарды колледж директоры құттықтады.

СНХ: НҰРТАС АХАТ, Ж. МУСИН АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл жеңісті біз бір күнде, бір аптада, бір айда жасаған жоқпыз. Біз ұзақ дайындықтан өттік. Мемлекет алдында, мемлекеттік рух деңгейінде балаларды тәрбиелей алатындығымызды, жастарды мынау ел деген қасиетті ұғымға бағыттай алатынымызды дәлелдеп беріп отырмыз. Көптеген алғыс айтамын айбындықтарға. Келесі 2025 жылдың «Айбын» халықаралық жиынына дайындық басталды деп есептей беріңіздер. Жасасын, Айбын!

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ