ДИКТОР: Есіл өзенінің төгілуі салдарынан Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылына кіру шектелді. Елді мекен тұрғындарына қажетті заттар жеткізіліп жатыр, бірақ, электрмен жабдықтау проблемасы шешілген жоқ. Ауылдықтардың жағдайын білу үшін арнайы барған облыс әкімі Марат Ахметжанов жауаптыларға орын алған мәселелердің барлығын шешуді міндеттеді.

РКС: Бұл күндері елді мекенге кірер жол жабық. Сәйкесінше, тұрғындар да ауылдарынан асып шыға алмай отыр. Сондықтан, төтенше жағдай қызметкерлері қайықпен барып, гуманитарлық көмек көрсетуде. Ал, электр мәселесі бір-екі күнде шешіледі деді облыс әкімі.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінгі таңда бірнеше елді мекенде осындай жағдай оны мойындау керек. Өйткені, бұл табиғи апат. дегенмен, қолдан келген шаралардың бәрін қолданамыз. қандай да бір ыңғайсыздықтар туып жатса кешірім сұраймыз. Тапсырма берілді, генераторлар бір-екі күнде жеткізіледі.

РКС: Марат Ахметжанов тұрғындарды электрмен қамту үшін Үшқарасу ауылына әрқайсының қуаты 1000 киловатт болатын екі генератор жіберу туралы шешім қабылдады. Генераторларды екі күн ішінде жеткізу жоспарланған. Ал, көлік қатынасы тәулік бойы үзілмеу үшін 2 қайық бөлінді. Тұрғындармен кездескеннен кейін жергілікті атқарушы орган өкілдерімен жиын өткізген Марат Ахметжанов бірнеше міндеттер жүктеді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, елді мекен тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен қамту керек. Қажет болса, дәрігерлер ауылдарға барып, тұрғындардың жағдайын тексерсін. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірге тұрғындардың зейнетақы, әлеуметтік төлемдерін жеткізіп беріңіздер. Тасқыннан зардап шеккендерге берілетін бір реттік қаржылай көмекті қысқа мерзім ішінде беруді ұйымдастырыңыздар.

РКС: Сонымен қатар, облыс әкімі материалдық шығындарды өтеу бойынша комиссия жұмысын күшейтуді тапсырды. Аталмыш комиссияға сарапшы мамандар мен қоғам өкілдерін тарту қажет деді ол. Ал, ішкі саясат бөліміне шығындарды өтеу тәртібі бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ