ДИКТОР: Көкшетаулық оқушы пластик және полиэтилен қаптамалардың экологиялық аналогын ойлап тапты. Сондай-ақ, табиғи былғарыға балама жасап шығарған. Камила Ким - Абай атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының оқушысы. Жас өнертапқышпен арна тілшілері танысып қайтты.

РКС: Бұл жобаны Камила осыдан 2 жыл бұрын қолға алған. Алдымен, оқушы көптеген еңбектерді парақтап, ғаламтордан түрлі мақалалар оқыған. Сондай-ақ, басқа өнертапқыштардың осы тақырыпқа сай туындыларын зерттеген. Нәтижесінде, балық қабыршағынан биоматериал жасап шығарды. Ол қысқа мерзімде топырақта және суда ыдырайды және қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Оны азық-түлік қаптауға арналған пленка ретінде қолдануға болады.

СНХ: КАМИЛА КИМ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Біздің мақсатымыз әлемді пластиктен арылту. Қоршаған орта, әсіресе, осы пластиктің кесірінен көп ластанады. Қалдықтар өзен-суларға түседі, топырақ бетінде қалып қояды. Айталық, өзен-суға түскен кезде пластик пакеттер ондағы тірі ағзаларға керіс әсерін тигізеді, ал топырақта улы элементтердің мөлшері артады.

РКС: Одан қалды, 11-сынып оқушысы мицелийден экокожа жасап шығарды. Нәтижесінде, құнарлы денелер мен саңырауқұлақ мицелиясынан алынған материалды түрлі салада қолдануға болатынын дәлелденген. Мәселен, интерьер дизайнында, киім немесе аксессуар жасағанда пайдалануға болады. Зерттеу жұмыстарына мұғалімі Бақытгүл Торсұнова жетекшілік еткен.

СНХ: БАҚЫТГҮЛ ТОРСҰНОВА, БИОЛОГИЯ МҰҒАЛІМІ, МҰҒАЛІМ-ЗЕРТТЕУШІ: Камила 10-шы сыныпта болғанда мен осы тақырыпты ұсындым, солай екеуміз оны дамыта бастадық. Алғашқыда тақырып тек балықтың қабыршағы туралы болатын. Өйткені, біздің облыста 80 өзен-көл бар және балық шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан, күн сайын қоқысқа кететін балық қабыршақтарын пайдаға асыруды жөн санадық. Бұл мәселенің экологиялық жағын қарастырып, полиэтилен пакеттерінің баламасын жасауды қолға алдық.

РКС: Бұл жұмысымен Камила республикалық байқауға қатысып, екінші орын иеленді. Сарапшылар оқушының жобасын жоғары бағалап, өз еңбегін патенттеу туралы ақыл-кеңестерін айтты. Ал, одан кейін жас өнертапқыш елдегі экологиялық жағдайды жақсарта алады. Бірақ, ол үшін демеушілік көмек қажет.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ