ДИКТОР: Жыл басынан бері облыста 70 адам ротавирустық инфекция жұқтырған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 7 есе көп. Инфекция жұқтырғандардың дені балалар. Санитариялық дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда.

РКС: Ротавирустық инфекцияны, әсіресе, кішкентай балалар жиі жұқтырады. Айталық, облыс аумағында тіркелген 70 жағдайдың 50-ден астамы 1 мен 3 жас аралығындағы бүлдіршіндерге тиісілі. Ротавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың ең көп саны Көкшетау қаласында. Облыс орталығында 40-тан аса адам инфекцияға шалдыққан. Бурабай ауданында 14, Зеренді және Біржан сал аудандарында 4 жағдай, Бұланды және Сандықтау аудандарында 2, ал, Атбасар, Есіл және Жарқайың аудандарында 1 жағдай тіркелген.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ротавирустық инфекцияның, әрине, маусымдылығы бар. Негізінен, бұл инфекцияның көбеетін кезі ол күн салқындаған кезде. Қыркүйек айынын бастап сәуір айы аралығында. Жазғы кезде бұл инфекцияның азайғанын байқап отырамыз.

РКС: Вирус ағзаға кір заттар, қолдың лас терісі арқылы немесе дұрыс жуылмаған өнімдер мен лас суды тұтынған кезде енеді. Сондай-ақ, науқаспен байланыста болған кезде де инфекцияның жұғу қаупі жоғары. Ал, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын су, міндетті түрде, тазартылуы немесе хлорлануы керек.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде инфекция жұқтырудың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Нөмірі 111-ші санитариялық-эпидемиологиялық бұйрыққа сәйкес эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіледі. Білім ошақтарында, балабақшаларда үш немесе одан да көп жағдай тіркелсе, эпидемиологиялық тексеріс жүргізіледі.

РКС: Балалар мен персонал арасында гигиеналық білім беруді арттыру қажет, - дейді мамандар. Демек, денсаулық пен санитариялық нормалардың сақталуын санитариялық-эпидемиологиялық және профилактикалық бақылауды күшейту, инфекцияны анықтау кезінде оның алдын алу үшін карантиндік шараларды енгізу маңызды. Ал, үйде ойыншықтар мен оқу материалдарын үнемі залалсыздандырып отыруды ұмытпаған жөн.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ