ДИКТОР: «Иран сал деп еркелетті елім мені». Осындай атаумен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында әнші, сазгер, ақын Иран сал Тасқараның 85 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеш өтті. Жиналған тыңдармандар орындалған дәстүрлі әнлерді ұйып тыңдап, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды алыптардың ізін жалғастырған ел ұлының туындыларына шын пейілмен масаттанды.

ИНТЕРШУМ: ИРАН ТАСҚАРАНЫҢ ӘН САЛУЫНАН ҮЗІНДІ

РКС: Иран Тасқара 1939 жылы 11-ші наурызда Ресейдің Омбы облысына қарасты Қожа ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен өнерге жақын болған бала, домбырасын қолға алып, өлең жаза бастаған. Дегенмен азаматтың таңдаған мамандығы әсте басқа еді. Инженерия саласын меңгерген де, өнерден алыстаған жоқ. Өмірін әнге арнады. Сөйтіп, Иран сал атанды.

СНХ: ИРАН ТАСҚАРА, ӘНШІ, САЗГЕР: 85-ке келдім. Жасым болса келді. Денсаулық та онша болмай тұр. Не де болса, талпынып келдім. Көкшетау филармониясының белгілі әншілері, әртістері менің әнімді айтады. Ғазиза Жұмакенова, Гүлжан Ахметова, Мара Есмұханова бәрі менің әнімді айтады. Қазақстанның белгілі әртістері Қапаш Құлышева, Еркін Шүкімәнов тағы да белгілі әншілер айтады.

РКС: Кеш әртістері мен Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі қария ақынның «Көкше әуені», «Жезкиік», «Ақтоқты-Балқадиша», «Сағыныш», «Анаға» сынды әндерін орындады. Өзіне тән ақындық қолтаңбасы бар әнші-сазгердің ән өнері тыңдармандар мен әншілер жүрегінде мәңгі қалатыны анық.

СНХ: ҚҰМАРҒАЛИ ДОСОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Иран екеуміз құрдаспыз. 45 жылдан бері жолдас болдық. Жезқазғаннан көшіп келгелі осы Көкшетауға жолдаспыз. Иран өте талапкер. Алланың берген таланты. Басына қонған бақ арқылы оның жүрмеген жері жоқ. Қазақстанның барлық облыстарын аралады. Кәкімбек Салықовпен қандай керемет болды. Сол кісінің шәкірті болды. Иранның әндері бүкіл Қазақстан бойынша шырқалады. Біржан салдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың әндерін айтатын басқа кісі жоқ. Көкшетаудың туын көтеріп жүрген Иран.

РКС: Қазақылық пен дәстүрлі әннің көпіріне айналған ақын, бүгінде жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Көмейіне бұлбұл ұялаған, қасиетті қара домбырамен тәтті ән төгетін Иран сал туындылары болашақта да тыңдармандарды қуанта бермек.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАРХАН ДӘУЛЕТ, КӨКШЕ АҚПАРАТ