ДИКТОР: Мамырдың әр үшінші жексенбісі - бүкіл әлемде адамдағы иммунтапшылығы вирусы салдарынан жұқтырылған иммунтапшылығы синдромынан қайтыс болған адамдарды еске алу күні. Биыл ол 19 мамырға келіп отыр. Бұл күннің мақсаты – адамдағы иммунтапшылығы вирусына шалдыққандарға қолдау көрсету.

РКС: Бүгінде облыста бұл індет бойынша эпидемологиялық жағдай тұрақты. Осы жылдың алғашқы төрт айында дертке шалдыққан 48 адам анықталды. Орта есеппен он адамның тоғызы қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Олар 30-49 жас аралығындағы азаматтар.

СНХ: ҚҰРМАНБЕК БҰРМАҒАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Біріккен Ұлттар Ұйымының адамдағы иммунтапшылығы вирусы және оның салдарынан жұқтырылған иммунтапшылығы синдромы бойынша біріккен бағдарламасына сәйкес, өзінің АИТВ мәртебесін білетін науқастардың 95 проценті ағзадағы вирусты басу үшін антиретровирустық терапияны қабылдауы керек. Айта кеткен жөн, Ақмола облысында АИТВ жұққандардың 96 проценті емін алып жүр. Бұл үлкен көрсеткіш. Терапия инфекцияны толықтай жоя алмайды. Алайда, өмір сүру сапасы жақсаратыны анық.

РКС: Инфекцияның алдын алу шараларына халықтың назарын аудару және оларды ақпараттандырудың тиімді тәсілдерінің бірі – әлеуметтік жарнама.

СНХ: БАЛҒЫН САРБАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Көкшетау және Щучинск қалаларының орталық көшелерінде 6 баннер орналастырылған. 4 ірі елдімекенде яғни, Көкшетау, Степногорск, Щучинск, Атбасар қалаларындағы базарларда, сауда үйлерінде аурудың таралу жолдары туралы баяндалған, азаматтарды тестілеуден өтуге шақыратын, АИТВ-ға шалдыққандарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеуді түсіндіретін аудиороликтер жарияланып тұрады.

РКС: Облыста 13-17 мамыр аралығында Дүниежүзілік адамдағы иммунтапшылығы вирусы салдарынан жұқтырылған иммунтапшылығы синдромынан қайтыс болғандарды еске алу күніне орай бірқатар шаралар өткізілмек. Оның аясында арнайы акция ұйымдастырылып, ақпараттық-диагностикалық нысанда қала тұрғындары өзінің АИТВ мәртебесін біле алады.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ