ДИКТОР: Өткен аптада облыста 9 өрт дерегі тіркелді. 7 тұрғын үй мен 2 көлік жанып кеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 13 техникасы мен 52 құтқарушысы жұмылдырылды. Айта кетейік, өңірдегі жел мен құрғақ ауа райының салдарынан өрт қаупі арта түскен.

РКС: Өрт қаупі жоғары кезеңінің алдында профилактикалық жұмыс күшейтілді. Арнайы мобильді топтар құрылды. 270-тен астам рейдтік шара ұйымдастырылды. Естеріңізге сала кетейік, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушыларға ескерту мен айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 5 мыңға жуық адамға 1 мыңнан астам түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

СНХ: МАНАТ БЕГАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 5 жағдайда өрттің негізгі себебі электр сымдарын орнату ережелерін бұзу болып табылады. 2 жағдайда тұрғындар өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған. Қалған 2 жағдайда көліктегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болған. 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 4-і ескерту, 3-не айыппұл салынған. Облыс тұрғындарына ескерту, өрт орын алған жағдайда 101 немесе 112 телефонға дереу хабарлау қажет.

РКС: Депатрамент мамандары ақмолалықтарды қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарамауды сұрайды. Атап айтқанда, орман алқаптарында от жағуға және темекі шегуге тыйым салынған. Далада қоқыс тастамаған жөн. Естеріңізге сала кетейік, шыныдан жасалған заттар күн сәулесінен астындағы шөпті өрттеп жіберуі мүмкін.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.