ДИКТОР: 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні биыл облыс аумағында өзгеше аталып өтпекші. Ат жарыстырып, ас та төк дастархан да жайылмайды. Есесіне, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен бірнеше жанұяға пәтер кілті табысталып, қызыл сумен күресуге күн-түн демей көмектескендердің еңбегі еленді. Олар облыс әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хаттары мен арнайы сертификаттарға ие болды.

РКС: 1-мамыр елімізді мекен ететін ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын, ауызбіршілігін айшықтайтын ерекше мереке. Ал, биылғы су тасқыны қазақстандықтардың қиын қыстау кезде бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығара білетін тату ел екендігін тағы бір дәлелдеді. Белуардан су кешіп, ешкіммен санаспаған ақмолалықтардың еңбегін облыс әкімі атап өтті. Марат Ахметжанов халқымыздың бірлік бар жерде, тірлік бар екенін растағанына ризашылығын жеткізді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Халқымыз үшін бірлік қашан да қастерлі сөз, қасиетті ұғым болатын. Ал, ынтымағы жарасқан елдің іргесі берік, несібесі мол болады. Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле дейді дана халқымыз. Қазіргідей сындарлы сәтте халықтың бірлігі мен елдің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау біз үшін маңызды міндет.

РКС: Суға кеткен ауыл-аймақтарға көршілес облыс, өңір аудандарының күштік құрылымдары жұмылдырылған еді. Бірлесе атқарған жұмыстың арқасында су басу қаупі бар аймақта орналасқан 95 елді мекендегі 8 мың үйді топан судан аман алып қалу мүмкін болды. Бұл ретте, тәртіп сақшыларының, өрт сөндірушілер мен волонтерлердің еңбектері зор. Мереке қарсаңында облыс әкімінің марапатына ие болғандардың бірі ерейментаулық Сағыныш Біләлов. Ол әріптестерімен бірге екі апта бойы су құрсауында қалған тұрғындарға көмек көрсеткен.

СНХ: САҒЫНЫШ БІЛӘЛОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ ҚАЛАСЫ №24 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖҮРГІЗУШІ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 31-наурыздан бастап Целиноград ауданы Тайтөбе ауылында, қосшы ауылында, Рахымжан Қошқарбаев Ақмол ауылы су тасқыны кезінде үй жануарларына және дамбалар салуға көмектестік. Құммен қапталған қапшықтарды тасып, Бұланды ауданында, Журавлевка, Капитоновка, Ивановка ауылдарын су басқаннан кейін тұрғындарға азық-түлік пен эвакуация жұмыстарын атқардық. 16-сәуірге дейін.

РКС: Облыс аумағында қарғын судың кесірінен үйлері жарамсыз болып қалғандарға баспана беру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл күні де бірнеше жанұя пәтер кілтіне қол жеткізді. Жылдар бойы апатты үйде тұрып келгендердің бірі Мерей Сәрсенбаев. Отағасы жақын арада екі бөлмелі пәтерге отбасын көшіруге дайындалып жатыр.

СНХ: МЕРЕЙ СӘРСЕНБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бір айдың арасында, тез-тез бар құжаттар рәсімделіп, пәтер берілді. Үйдің қазіргі жағдайы 80 проценттен аса өте апатты жағдайда тұр. 1-мамыр мейрамының қарсаңында пәтеріміздің кілтін алып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Өте Қуаныштымыз. Рахметімізді айтамыз. Мына жерде әкімшілік бар, қаншама қол ұшын беріп жатқан жандар бар.

РКС: Осылайша, ақмолалықтар қайғыда да, қуанышта да бір-біріне қолдау білдіре алатындарын дәлелдеді. Топан судан зардап шегушілерге қиын кезде қалай көмектессе, бүгін де баспаналы болғандар мен мен еңбектері еленіп жатқан жерлестері үшін барша облыс тұрғындары қуануда. Салтанатты шара жергілікті әртістер әзірлеген мерекелік концертпен жалғасын тапты.

ИНТЕРШУМ: КОНЦЕРТТЕН ҮЗІНДІ

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ