ДИКТОР: Көкшетауда мұғалімдердің облыстық тамыз конференциясы аясында «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында секциялық отырыс өтті. Жиында жаңа оқу жылындағы өзгерістер, цифрлық технологияларды қолдану, педагог мәртебесін көтеру және мұғалімдердің кәсіби дамуы мәселелері жан-жақты талқыланды.
РКС: Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық, инновациялар және жасанды интеллект іс жүзінде» атты ауқымды бағдарлама аясында өткізілген секциялық жұмыстардың жаңа оқу жылына қойылған мақсат-міндеттерді айқындауға арналғанын атап өтті. Осы орайда, халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында Шанхай педагогикалық университетінен арнайы қонақтар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
СНХ: БО НИН, ШАНХАЙ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ БІЛІМ БЕРУ ФАКУЛЬТЕТІ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің ЮНЕСКО оқу орталығы бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Мұндай бағыттарға Африка, Қазақстан, Оңтүстік Азия, Индонезия, Тынық мұхиты аймағы, сондай-ақ төртінші және бесінші бағыттар ретінде Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа, оның ішіне Финляндия кіреді. Біз серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге, халықаралық және жергілікті тәжірибені біріктіруге дайынбыз. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы импорт пен экспортты дамытуға және мұғалім мамандығының тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
РКС: Биылғы республикалық тамыз конференциясына Мемлекет басшысының қатысуы білім беру саласы мен педагогтардың қызметіне ерекше мән берілген маңызды оқиға болды. Конференция барысында әлеуметтік-эмоциялық оқыту, жасанды интеллект және инклюзия сияқты үш негізгі бағытқа ерекше назар аударылған еді. Осы тұста бірінші дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресінің басшысы Ермек Мәжитов инклюзивті білім беру жөніндегі алғашқы дүниежүзілік конгресс туралы жан-жақты тоқталды.
СНХ: ЕРМЕК МӘЖИТОВ, БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ КОНГРЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Дүниежүзілік конгресс – бұл халықаралық бастама, ол биыл қаңтар айында Лондонда ірі білім беру көрмесі аясында жарияланды. BETT Show Қазақстан инклюзивті білім беру бойынша осындай дүниежүзілік конгрессті қабылдайтын алғашқы мемлекет. Бұл нағыз ерекше мүмкіндік, себебі бастапқыда конгресске Сауд Арабиясы, Финляндия, Катар, Үндістан сияқты елдер кірген болатын. Конгрестің бас директоры ретінде мен бұл шараны Қазақстанға тартуға күш салдым, және биыл Алматы қаласында өтетін конгресс әлемнің 50-ден астам қатысушысын біріктіретін болады.
РКС: Секциялық отырысқа жалпы білім беру бөлімдерінің, колледж басшылары мен мектеп директорлары арасынан 400 педагог қатысты. Сонымен қатар, шараға онлайн форматта 300 педагог қосылды. Отырыста аталған тақырыптардан бөлек, білім берудегі стратегиялық шешімдерді қабылдауда цифрлық құралдардың ролі және «Ұстаз» платформасында педагогтарды аттестаттау қорытындылары туралы ұсыныстар кеңінен түсіндірілді. Бұл педагогтер үшін жаңа оқу жылында тың бастама болмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ