ДИКТОР: Еркінбек Абдуллин бірнеше мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Қазір ол «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық клубының жетекшісі. Әскери-патриоттық клубтың жетекшісі ретінде оның тәрбиеленушілері жыл сайын түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді.

РКС: Қазір Еркінбек Абдуллин Көкшетау жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінде әскери-патриоттық тәрбие пәнінің оқытушысы. Ұстаздық қызметті атқарып жүрген кезде әскери-патриоттық іздестіру клубын ұйымдастыру туралы идеясы келіп, оны жүзеге асыра бастады. Қазір аталған клуб құрамында 20 курсант бар. Клуб өкілдері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауып, еліне сүйегі жетпеген жауынгерлерді іздестірумен айналысады.

СНХ: ЕРКІНБЕК АБДУЛЛИН, «КӨКШЕ-ІЗДЕУ» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ІЗДЕСТІРУ КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Тобымыздағы екі қыз бен екі жігіт Ленинградқа, нақтырақ айтқанда әйгілі Синявин шоқтығына бардық. Сол жерде оқыту семинарына қатыстық. Сонда өз күшімізбен бір жауынгердің сүйегін тауып алдық. Барлығы қатты қуанды. Бұл — біздің алғашқы сапарымыз еді. Кейін Тула қаласына экспедиция ұйымдастырылды. Одан соң Калуга облысына бардық. Карель майданында, Солтүстік Қазақстан облысында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолын зерттедік. Сол жерде іздеушілер тапқан 55 жауынгердің сүйектерін қайта жерлеу рәсімін өткіздік. Кейін 387-атқыштар дивизиясына байланысты Калуга сапары жалғасты. Ол клубымыздың негізгі тақырыбы және бұл менің жеке зерттеу жұмысым.

РКС: Екі жыл бұрын іздестіру жасағы Калуга облысындағы Медынцево ауылында Ақмола облысының 387-ші атқыштар дивизиясының құрметіне ескерткіш орнатты. Ауыр шайқастың салдарынан 15 мың жауынгердің тек 800-і ғана қоршаудан аман шыққан. Былтыр іздестіру клубының мүшелері осы ескерткіш орналасқан жерге 9 мың шақырымдық автосапар жасап қайтты.

СНХ: ЖАНАТ ЕРЕЖЕПОВ, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ӘСКЕРИ КАФЕДРАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бірге жүрген кезде бірталай жұмыс істелінді. Ерекше айтып өту керек – әскери-патриоттық іздеу клубы қалада өткізілген әскери парадтарға қатысқан. Колледждердің арасында, студенттердің арасында пневматикалық винтовкадан оқ ату жарыстардан бірталай жүлделі орындарын алып жүр. Ол кісі бағытталып, алдына мақсат қойса соған жеткенше дейін өзі де тиышталмай, басқаларға да тиыштық бермейді. Жұмыс жағынан нағыз керемет.

РКС: Жуырда Еркінбек Абдуллиннің бірнеше авторлық кітабы жарық көрді. Автор өз туындысында соғыс жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі туралы баяндаған. Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Қазір аталған клуб Калуга қаласына іздеу жұмыстарын жүргізуге арналған топты дайындап жатыр. Топ құрамында Еркінбек Абдуллиннің бес студенті бар. Дайындық күн сайын өткізіледі. Оқытушы сабақ барысында қажетті жабдықтарды дұрыс пайдаланудың жолдарын түсіндіріп, іздеу жұмыстары кезінде студенттердің негізгі міндеттерін айқындайды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.