ДИКТОР: Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балаларды сауықтыру орталығы жанындағы волонтерлер лагерінде облыстық форум өткізді. Аталған шараға өңірдің белсенді жастары, волонтерлер қозғалысының мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Форум аясында волонтерлердің қызметін дамыту, олардың қоғамдағы ролі мен әлеуметтік бастамаларды қолдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жастарға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты – өңірдегі волонтерлік қозғалысты қолдау, жастардың белсенділігін арттыру және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау. Форумға 100-ден аса волонтер қатысты.
СНХ: АРУЖАН МЕЙІРХАН, ВОЛОНТЕР: (ШОРТАНДЫ АУДАНЫ): Волонтерлік лагерьге келіп тұрмын. Жалпы Шортандыда 130-дан астам волонтерлар бармыз. Қарттарға көмектесеміз, мүгедек адамдарға көмектесеміз. Оларға отын, су тасысып, қыста көмірін кіргізіп, жазда есік алдын арамшөптерден тазартып, солай көмектесеміз. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша аулаларды тазартамыз. Жалпы осы ауданымыздағы жыл бойы өтетін іс-шараларға белсене қатысамыз.
РКС: Бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, пікірталас алаңдары және тәжірибе бөлісу сессиялары өтті. Қатысушылар қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерімен танысты.Өңірімізде 89 волонтерлік ұйым болса, оған 3600-ден аса ерікті біріккен.
СНХ: ДАНИАЛ ЖАҒҰПАР, «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» АҚМОЛА ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Осы форумда әртүрлі ұйымдар бас қосуда. Оның ішінде осы әртүрлі ұйымдар бір-бірімен танысып, еріктілер коммуникацияға түсуде. Жалпы «Еsbol qory» туралы айта кететін болсам, біздің ұйым нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізеді.
РКС: Волонтерлер лагері – жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, өңірдегі еріктілер қозғалысының дамуына бағытталған маңызды қадам. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың өзара байланысын нығайтып, аймақтағы волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін береді дейді.
СНХ: ТАТЬЯНА МИРОНЮК, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІСІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Республика бойынша осындай форумдар өткізіліп жатыр. Ақмола облысы биыл алғашқылардың бірі болып осы шараны ұйымдастыруда. Ең басты мақсат – белсенді жастарды, яғни әлеуметтік жобаларға қатысатын волонтерлердің басын қосу. Оларға Қазақстанда және шетелдерде болып жатқан өзгерістер жайлы көбірек ақпарат беру. Қай бағытта қозғалыс жасау керек екенін түсіндіру. Сондай-ақ, олар қосымша өз аймағында және республика бойынша өтетін шараларға да қатысады.
РКС: Бұл форум волонтерліктен бөлек, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді. Волонтерлік – жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыратын үлкен мектеп. Форум соңында бұл саладағы бір топ белсенді арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ