ДИКТОР: Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы құтқарушы офицерлерді даярлайды. Бүгін Ресейдің төтенше жағдайлар Министрлігі мен Беларусь Республикасының шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға жіберілетін 1-курсқа қабылданған 10 курсант салтанатты түрде ант берді. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Үкіметаралық келісімдер негізінде жыл сайын 20 курсант Ресей мен Беларусьтің Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандандырылған жоғары оқу орындарына оқуға жіберіледі. Ант берген академияның 1-ші курс курсанттары шетелде лейтенант шенін алып, елге оралады. Салтанатты шара Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ЖҰМАБЕК ХАСЕНОВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Әрқашан да біздің ата-бабаларымыз, ағаларымыз, әке-шешелеріміз Президентіміз де халқымыз да айтып жатады: «Елге, халыққа қызмет етуден артқан абырой жоқ». Қандай жағдай болмаса да абыройды жоғалтуға болмайды. Әрқашан әке-шешелерің сіздермен мақтанады, құрметтейді. Елдің, халықтың, Президентіміздің берген адал сенімін әрқашан ақтауға дайын болуларыңыз керек.

РКС: Өмірғали Іргебаевтың баласы биыл академияға оқуға қабылданған. Бүгін баласының Отан алдында берген антын көруге арнайы келіпті. Ол курсанттардың өз ісіне адал, жүктелген міндеттерді кәсіби әрі адал орындап, құтқарушы атағына лайық болуына тілектестігін білдірді.

СНХ: ӨМІРҒАЛИ ІРГЕБАЕВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫ КУРСАНТЫНЫҢ ӘКЕСІ: Баламыз қазақ еліне ант беріп отыр. Болашақ офицер-өрт сөндіруші жол бұйырып, Москва қаласына оқуға кетіп бара жатыр. Біздің Қазақстан мемлекетімізге рақмет. Студенттерді, офицерлерді шетелге оқытқызып, жағдай жасап жатқанына болашақ офицерлерге. Жас буындарға жолдарың болсын дейміз. Амандықта болайық. Сәт сапар барлығына!

СНХ: ӘМІР ӨМІРҒАЛИ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Осы оқу орнына түсу үшін 9-сыныптан бастап дайындалдым. Осы жолға мені ағам бағыттады. Ол да осы оқу орнын тәмамдаған. Мен үшін оңай болған жоқ. Емтихандар, қаншама тер төгіп, жаттықтым. Енді міне, соның жемісі ретінде Мәскеуге оқуға аттанғалы отырмын. Түрлі емтихандар мен дене шынықтыру нормативтері арқылы іріктелдік. Халқымa, еліме, Президентімe адал қызмет етемін.

РКС: Салтанатты шара аяқталған соң академия бастығы курсанттардың ата-аналарымен кездесіп, әңгімелесті. Оның барысында курсанттардың шетелде білім алу шарттары талқыланды. Жұмабек Хасенов ата-аналарға барлық курсанттың сапалы білім алып, Отанға офицер шенінде оралатынын айтты.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.