ДИКТОР: Ақмола облысының тұрғындары экологиялық заң бұзушылықтар мен рұқсатсыз қоқыс үйінділері туралы «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған арнайы Telegram-бот арқылы хабарлайды. Платформа жұмыс істегелі бері 250-ден астам өтінім қабылданды. Әрбір өтінім назардан тыс қалмай, дер кезінде қарастырылуда.

РКС: «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы аймақтағы тұрғындардың өтінімдерін қабылдау белсенді түрде жүзеге асырылуда. Әрбір ақмолалық осы жүйе арқылы абаттандыруға байланысты өз мәселесін жеткізе алады. Түскен өтінімдердің негізгі бөлігі аумақтарды тазалау, жолдарды жөндеу мен жарықпен қамту, көгалдандыру және рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жоюға қатысты болып отыр.

СНХ: ӘЛЕМ ДАУЫЛБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ: Ақмола облысында «Таза Қазақстан» порталында 253 өтінім қабылданды. Негізінен қоқыс шығары, көшелерді тазарту және жолдарды жөндеуге қатысты болды. «Таза Қазақстан» платформасына кез келген азамат хабарласа алады. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін Egov порталына арнайы бірге қосылған. Өтінімді қалай беруге болады? «Таза Қазақстан» сайты бар, сондай-ақ телеграмм арнада чат-бот та жұмыс істейді. Егер сіз ластанған аумақты көріп қалсаңыз, бұл акцияға сіз де қатыса аласыз. Жеке кабинетке кіріп, сол аумақты суретке түсіресіз, локацияны белгілейсіз, содан соң өтінім жібересіз. Біз осы жерде барлық өтінімді қабылдаймыз. Өңделгеннен кейін ол тиісті органдарға жіберіледі.

РКС: Онлайн-платформалар арқылы алынған өтінімдерді iKomek-109 қызметінің операторлары өңдейді. Қызметтің бұл түрі әсіресе Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Аршалы, Целиноград және Есіл аудандарындағы курортты және елорда маңындағы аймақтарда кеңінен танымал. Қосшы, Көкшетау мен Степногорск қалаларынан шағымдар көп түсетін көрінеді.

СНХ: СӘКЕН НАЗЫРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: Негізінен «Таза Қазақстан» өтінімі бойынша тұрғындар қоқысқа қатысты шағымдар түсіреді. Ірі көлемдегі қоқыс, жолдарды жөндеу кезінде пайда болған қоқыстарды шығаруға қатысты. Барлық өтінімдер өңделіп, жедел түрде реттеледі. Жылдың басынан шілде айына дейін Көкшетау қаласының аумағынан 24 мың текше метр қоқыс шығарылды. Сондай-ақ көгалдандыру аясында 5 мың түп көшет отырғызылды.

РКС: Мамандар әр өтінім бойынша жедел әрі ашық кері байланыстың бары «Таза Қазақстан» порталының басты артықшылығы екенін айтып отыр. Барлық ескертпе уақытылы өңделеді. Ол ең алдымен тұрғындар үшін қолайсыздықты ықшамдауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілетін қоғамдық сенбіліктерге тек Көкшетау қаласының аумағы бойынша 10 мыңнан астам адам қатысты. Бұл тұрғындардың қоршаған орта мен туған шаһардың келбетіне бей-жай қарамайтындығын дәлелдесе керек.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ