ДИКТОР: Өңірдегі әрбір үшінші кәсіпорынның жағдайы сын көтермейді. Негізгі құралдардың тозу деңгейі 65 проценттен асып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр желтоқсан айында энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба қабылданды.
РКС: Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында 2025-2029 жылдары қосымша 27 кәсіпорын ашылып, 3 мың 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Электр энергиясын өндіру саласына 6,2 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл энергия өндіру қуатын 7,3 гигаватқа арттыруға мүмкіндік береді.
СНХ: ТИМУР ҚОСЫМБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Ұлттық жобаға төрт негізгі бағыт кіреді. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. 86 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді. Бұл жұмыс қолға алынса, инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде апат азайып, коммуналдық қызметтердің сапасы мен беріктігін арттыруға болады. Жүргізілетін жөндеу жұмыстары аясында тауарлар мен материалдар басымдық тәртібімен қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
РКС: «Көкшетау жылу» мекемесінде құбырлардың тең жартысына жуығының тозығы жеткен. Биыл шамамен 5 шақырым жылу жүйесі қайта жаңартылып, 3 қазандық агрегаты жөнделуде. Сондай-ақ, автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізіліп жатыр. «Көкшетау Су Арнасы» мекемесіне қарасты су құбырлары желілері де әбден ескірген. 5 жыл ішінде желілердің шамамен 94 шақырымы қайта жаңартылады.
СНХ: МАККА ШЫҢҒАЗИЕВА, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЖАҢҒЫРТУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бірінші кезеңде жобаны жоспарлау жүзеге асырылады. Бұл бастама табиғи монополия субъектілерінен бастау алады. Осы кезеңде өтінім әзірленіп, жоба дайындалып, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Екінші кезеңде жоба техникалық және қаржылық операторларға, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қарауға жолданады. Үшінші кезеңде келісу нәтижелері бойынша жоба ұлттық жоба аясындағы жобалар тізіміне енгізіледі.
РКС: Айта кетейік, тұрғын үй көмегі тетігін іске асыру арқылы халықтың осал топтары коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуінен қорғалған. Ұлттық жобаның барлық тетігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Ережелердің негізгі бөлігі мақұлданып, қалғаны бекіту сатысында.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.