ДИКТОР: Жылу беру маусымының басталуына санаулы ғана уақыт қалды. Қазір өңірде оған дайындық қарқынды жүріп жатыр. Биыл бұл мақсатқа 32 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Степногорск қаласына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің кеңесшісі Нұрлан Ұранхаев жылу-электр орталығының қысқы маусымға дайындық барысымен танысты.
РКС: Степногорск қаласындағы жылу-электр орталығы осыдан жарты ғасыр бұрын қолданысқа берілген. Қазір бұл кәсіпорын 20 мыңнан астам абонентті үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорында 5 турбоагрегат, 6 бу қазандығы және 1 су қыздыру қазандығы жұмыс істейді. Олар сағатына 600 гигакалория жылу энергиясын өндіруге қауқарлы. Былтыр жылу беру маусымы апатсыз өтті. Маусым аяқталысымен, мамыр айынан бастап кәсіпорын алдағы жылу беру науқанына дайындыққа қызу кірісіп кетті. Бұл мақсатқа шамамен 7,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінде барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
СНХ: ЕВГЕНИЙ ЛАЗЬКО, ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Жылу беру маусымына дайындық аясында 3-ші және 4-ші қазандықтарға жөндеу жүргізілді. Қазір 5-ші қазандық жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, 3-ші және 4-ші турбогенераторлары жөндеуден өтті. 2-ші турбогенератор жөндеу үстінде. Жөндеу жұмыстарын 30-шы қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отырмыз.
РКС: Кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Дегенмен, кадр тапшылығы да бар. Бүгінде мұнда 130 бос жұмыс орны бар. Осы ретте Премьер-Министрдің кеңесшісі Нұрлан Ұранхаев қажетті мамандарды тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Бұдан кейін ол жылумен қамту нысандарының қысқы маусымға дайындық барысымен танысты.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі уақытта 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде Атбасар қаласы бойынша айтатын болсақ, ондағы жылу қазандығын жаңғыртуға 4 млрд теңге бөлінгенімен, қаржыландыру жағынан мәселе бар. Ал жылу желілеріне 2,8 млрд теңге бөлінген. Қаржы анықталғанымен, төлемдер жасай алмай отыр. Балкашинода да дәл осындай жағдай. Онда 694 миллион теңге бөлінген. Қазандық салынған. Ал желілердің құрылысы аяқталған жоқ. Биыл қосымша 122 миллион теңге бөлінді, бірақ ол қаражат бір апта бұрын ғана берілді.
РКС: Бұдан соң Премьер-Министрдің кеңесшісі жылу желілерін жөндеу барысымен танысты. Степногорск қаласындағы жылу желілерінің ұзындығы 124 шақырым. Оның үштен бірі – магистральдық желі. Биыл бұл желілерді жаңғыртуға жеке инвестициядан 7,8 миллиард теңге қаржы бөлінді.
СНХ: ЕГОР ЛЫСЕНКО, «СТЕПНОГОРСК ТЕПЛОТРАНЗИТ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір диаметрі 800 мм-лік құбырды толтыру жұмысы жүргізілуде. Яғни, құбырды толтырып, жуып, ішіндегі ауаны шығарамыз. Сондай-ақ, резервуарларды да толтырамыз. Бұл қаланың жылу желілерін сынақтан өткізу үшін қажет. Келесі аптада сынақ жұмыстарын жүргізуді бастаймыз. Жылу желілерін сынақтан өткізу төрт кезеңнен тұрады. Одан кейін қалаға жылу жіберіледі. Барлығы жоспар бойынша, кестеге сай жүргізілуде.
СНХ:НҰРЖАН ӘЛЖАН, «ҚАЗЕВРОСТРОЙ» СЕРІКТЕСТІГІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Степногорск қаласының 19,6 шақырым жылу құбырларын ауыстыруға біздің компанияның келісім-шартымыз бар. Бүгінгі күнде Степногорск қаласы бойынша 3,5 км құбырларын ауыстырдық. Осы жылда 9-шы мкр бойынша жұмыстар атқарып отырмыз. Жылу маусымына дайындық қарқынды. Аяқтауға жақынбыз. Қаражат бізге бөлінді. Келесі жылы тағы да қаражат бөлінеді, толық аяқталуға.
РКС: Қазір мердігер ұйымдар қалалық магистральдық жылу желілерін жөндеп жатыр. Сондай-ақ ауданішілік және тарату желілері қайта жаңғыртылуда. Келер жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Республикалық бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланып отыр. Жылу-электр орталығының басым бөлігінің тозығы жеткен. Бір айдан кейін қалаға жылу беріледі. Жақын арада жергілікті тұрғындардың үйіне қайтадан ыстық су жіберіледі. Жауапты мамандар шаһар жылу беру маусымына 90 процент дайын екендерін айтып отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ