ДИКТОР: Су тасқынынан орын алған күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға орай облыс аумағында алдағы мерекелік шаралардың тойлануына шектеулер енгізіледі. Оның орнына қоғамдық-маңызды және әлеуметтік-пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға көңіл бөлінбек. Ал, атаулы күндерді тойлауға жұмсалуы тиіс қаражат тасқыннан зардап шеккен жанұяларға беріледі.

РКС: Топан су қарапайым тұрғындардың да, әкімдіктегілердің де жылдық жоспарына біршама өзгерту енгізді. Өйткені, судан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсету үшін жергілікті билік өкілдері бір жылғы мерекелік іс-шараларға өзгертулер енгізуге мәжбүр. Алдағы мерекелер ұстамды форматта өтеді, есесіне, үнемделген қаражат қарғын судан зардап шеккендерге беріледі.

СНХ: ЖАНДӘУЛЕТ ҚЫЛЫШБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Үлкен шараларды алып тастағанмен, мысалы оның қаржысы зардап шеккен аудандарға, міндетті түрде, жіберілген. Қазірден бастап мысалға Көкшетаудың өзінде 180-нен астам адам өзінің қаражатын алған, төлемақыны алған. 100 МРП-дан деген, одан кейін тағы да 150 МРП-дан беріледі деген ақпарат түскен болатын. Осының барлығы қазіргі кезде заңға сәйкес өтініш білдірушілердің және арнайы комиссияның қарастыруымен міндетті түрде қарастырылып өтеледі деп ойлаймыз.

РКС: Топан судан зардап шеккендерге көмектескен белсенді азаматтардың жұмысы да назардан тыс қалмайды. Оларды мереке қарсаңында марапаттау жоспарланған. Өкінішке орай, жыл өткен сайын майдангерлердің саны азайып барады. Осы күні облыс бойынша, небәрі, 5 соғыс ардагері бар. Олардың әрқайсына 9-мамыр – Жеңіс күні қарсаңында 3 миллион теңге төлемақы беріледі. Сондай-ақ, Жеңіс күніне орай «Ер есімі – ел есінде» атты онлайн акция өткізіледі.

СНХ: ЖАНДӘУЛЕТ ҚЫЛЫШБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: ТМД елдері мен жалпы әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, бейбітшілік пен ауызбіршілікті сақтау мақсатында облыс аумағында «Мәңгілік полк» шеруі өткізілмейді. Өңір волонтерлері мен жастар ұйымдары ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау мақсатында «Ардагерлерге тағзым» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырады.

РКС:Сонымен қатар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға кешенді әлеуметтік-медициналық тексеріс жүргізу мақсатында айлық басталады. Мамандар өз еркімен жүріп тұра алмайтындардың үйлеріне барып қызмет көрсетеді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ КӨКШЕ АҚПАРАТ