ДИКТОР:Түркі мөрі, Алтын орда ханының, Қазақ сұлтанының сақиналы және Ахмет Ясауи мөрлері. Мәлік Ғабдуллин музейінде Түркістан облысынан жеткізілген «Ұлы дала мұрасы» атты тарихи-танымдық көрме өтті. Шара 18-ші мамыр – Халықаралық музей күні қарсаңында ұйымдастырылды. Көрермен назарына Қазақ хандығы дәуірін сипаттайтын 30-ға жуық экспонат ұсынылған.
РКС:Көрмеде темір тостағанға, керамикаға жазылған, тасқа қашалған, ағаш пен қағазға жазылған хаттар бар. Ең ерекшесі 13-ші және 14-ші ғасырлардағы Алтын Орда хандарының сенім құжаты – пайза. Ол алтыннан, күмістен, қоладан және ағаштан жасалған. Тарихқа үңілсек, кезінде елшілер, саудагерлер мен саяхатшылар мемлекеттік шекарадан өткен кезде осы пайзаны пайдаланған. Онда «ел билеген адамның әмірімен рұқсат етілген» деген жазуы болыпты. Жалпы, көрмеде көздің жауын алар жәдігерлер өте көп.
СНХ: ЖАНАТ ҚАЖЫБАЙ, М.ҒАБДУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Көрме төрінен көзге түсетін жәдігер 18-19 ғасырлардағы қазақ жауынгерінің асынған бес қаруы мен Шығыс Қазақстан облысы Елеке Сазы қорымынан табылған ақинақ, күрзі сияқты соғыс құралдары. Көрмедегі тарихи маңызды, құнды жәдігерлердің бір парасы тасқа қашалған, кірпішке күйдірілген, ағашқа ойылып сақ, руна, араб, латын тілдерінде жазылған хаттар. Соның ішіндегі 1969 жылы Алматы қаласы Есік обасынан табылған, руналық жазбалар түскен ең көне жәдігер күміс тостағанға жазылған сақ хаты.