ДИКТОР: Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылының тұрғындары ауыл арасында қатынайтын тас жолдың сапасы сын көтермейді деп шағымдануда. Небәрі алты шақырым жолдың күрделі жөндеу көрмегенінен бірнеше жыл болған. Салдарынан тұрғындар дала жолын салып алуға мәжбүр болыпты. Жылдар бойы жыры таусылмаған мәселені шешу мақсатында ауылдықтар жергілікті әкімдік мамандарымен кездесті.

РКС: Бұл Бурабай және Зеренді ауданын жалғап тұрған тас жолдың 6 шақырымы. Тас жол деген аты болмаса, мына жерден көлікпен жүру мүмкін емес,-дейді тұрғындар. Әсіресе, Игілік ауылына қатынайтындар бірнеше жылдан бері осы жолдың зардабын тартып келеді. Алыс-жақыннан туыс келсе, көліктерін көрші ауылға қойғызып, өзіміз қарсы аламыз, әйтпеген жағдайда мына жолға көлік те шақ келмейтін болды,-дейді ауылдықтар.

СНХ: ДӘСКЕН ЕЛЕМЕСОВ, ИГІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Шын айтқанда машина да шыдамайды уже. Тарс-тұрс. Қаладан, Астанадан туыстарымыз келсе Кеңесарыға машинасын қояды. Біз келіп күтіп аламыз. Жол нашар болғасын. Жолдың жөнделмегеніне жылда бір қырып өтеді былтыр неткен, 3-4 жыл болды текущий-текущий деп, жартылай ғана істелінеді. Жартылай ғана. Мына жақ вообще істелінбейді. Біздің жақта 2-3 жыл болған шығар істелінбегеніне. Жауынды күні жолдың жағдайы өте нашар. Езіліп кетеді. Полевой жол сияқты. Сазы бетіне шығып, езіліп кетеді. Жүре алмаймыз.

РКС: Бурабай ауданы әкімдігінің мамандары бұл жолды жөндеуді келесі жылға жоспарлаған болатын. Бірақ, мәселе жөнінде жуырда құлағдар болған облыс әкімі Марат Ахметжанов жөндеу жұмыстарын биылдан қалдырмауды тапсырған.

СНХ: ЕРХАН ҚАЛЫМОВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ақмола облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Бурабай ауданы автомобиль жолдары бөлімімен сметалық құжат дайындалады. Құжат дайындалғаннан кейін маусым айында конкурс процедуралары жүргізіледі. Конкурстық Содан кейін Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтінім жібереміз. Қаражат бөлінгеннен кейін жөндеу жұмыстары басталады. Егер де қаражат бөлінсе, жұмыстарды бастаймыз.

РКС: Жылдар бойы күрделі жөндеу көрмей, жермен жексен болып тегістеліп қалған жолдың осы жазда жөнделетінін естіген тұрғындар қуанып қалды. Олардың ендігі тілегі жауаптылар жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағаласа дейді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ