ДИКТОР: Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендердің құқықтарын түсіндіруге бағытталған шаралар аясында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясында дөңгелек үстел басындағы кездесу өтті. Аталған шараны адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігі ұйымдастырды. Айта кету керек, дөңгелек үстел басындағы кездесу жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырылған.
РКС: «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң 1993 жылы қабылданды. Оның өзектілігі әлі де маңызын жойған жоқ.
СНХ: АЙДЫН СӘБИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ ӨКІЛІ: Мемлекеттік органдардың немесе олардағы жауапты тұлғалардың саяси айғақтары бойынша жүзеге асырылатын мәжбүрлеу шаралары саяси қуғын-сүргін ретінде танылады. Өмірден немесе бас бостандығынан айыру, оның ішінде психиатриялық мекемелерде ұстау және мәжбүрлеп емдеу болуы мүмкін. Сонымен бірге елден шығару және азаматтығынан айыру, тұрғылықты жерінен немесе туған жерінен айырып арнайы қонысқа жіберу және мәжбүрлі еңбекке жіберу түрінде бостандығын шектеу. Ақтау - сот немесе заңмен белгіленген өзге де тәртіппен адамды саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тану. Сондай-ақ оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, моральдық немесе материалдық залалды өтеу.
РКС: 2020 жылы Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылды. Өткен жылдың 1-ші шілдесінде Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енді. Оның аясында жаппай қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарына мемлекеттік арнайы жәрдемақы берілді.
СНХ: АҚМАРАЛ ҒАБДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ: Қазақстан Республикасы азаматтары өтініш берген күннен бастап жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары ретіндегі біржолғы ақшалай өтемақы тағайындалады. Жыл басынан бері Ақмола облысы бойынша 154 адам жәрдемақы алуға өтініш білдірді. Бәріне ақшалай өтемақы берілді.
РКС: Еске сала кетейік, өтемақы мөлшері арнайы қоныста болған әр ай үшін есептеледі. Ол үшін анықтама орындарында болған күндері көрсетілген мұрағаттық анықтама қажет. Соңғы 4 айда осы құжатты алу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаментіне 300-ден астам адам жүгінген.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ