ДИКТОР: Аса қатыгездікпен адам өлтірді деп танылған күдікті 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Өткен жылдың қарашасында Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының тұрғыны ұрланған көлікпен танысын соғып өлтірген. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылып, кінәсі толық дәлелденді.

РКС: Сотта белгілі болғанындай, Макинск тұрғыны мас күйінде танысын қала шетіне шақырып алып, оған 2 рет оқ атқан. Ол аздай жерде жатқан ер адамды көлікпен басып өтіп, ізін суытқан. Ал, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.

СНХ: ҚАСЫМ ҚАЛМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Күдіктіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабы, 2-тармағына сәйкес 20 жылға, 200-баптың 3-тармағына сай 5 жылға, 202-баптың 2-тармағына сәйкес 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы аталған жазаларды ішінара қосу арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 58-бабы, 4-тармағына сәйкес нақты 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сотталушының жазасын өтеу мерзімі өткен жылдың 21-ші қарашасынан есептеледі.

РКС: Бұл қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Олардың үкімі бойынша сотталушыға ерекше қатыгездікпен адам өлтіру, біреудің көлігін ұрлау және мүлкіне қасақана зақым келтіру сынды бірнеше қылмыс жасағаны дәлелденді. Одан қалды, сот сотталушыға алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

СНХ: ҚАСЫМ ҚАЛМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 91-бабы, 1-тармағының негізінде алкогольді мөлшерден тыс пайдаланудан туындаған психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтарын мәжбүрлеп емдеу тағайындалады. Сотталушыдан жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы және келтірілген материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңге өндірілсін.

РКС: Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ