ДИКТОР: Облыстық әкімдікте өңір басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен отырыс өтті. Индустрия, экономика, ауыл шаруашылығы секторларының басым бағыттары талқыланды. Есеп берушілердің жұмыс нәтижелерінен құлағдар болған облыс әкімі әрқайсысына өздеріне жүктелген міндетті тиянақты, уақытылы әрі сапалы орындауды жүктеді.

РКС: Облыста жүзеге асып жатқан барлық жобалар бойынша жұмыстарды жоспарлау әрі қадағалау жауапты орган өкілдерінің тікелей міндеті, - деді Марат Ахметжанов. Отырыста қаражатты тиімді пайдалану және инвестиция тарту сұрақтары талқыланды. Облыс әкімі кейбір шенеуніктердің жұмысын сынға алды. Өйткені, көптеген жобалар қажетті деңгейде әрі уақытылы орындалмайды және статистика шындыққа жанаспай қалып жатады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Кіріс көлемін арттыруға көңіл бөлу керек. Бізге өтірік инвестиция керек емес. Миллиардтаған инвестиция көрсетіп жатасыздар. Бірақ, шындап келгенде олар бір де бір жұмыс орнын ашпайды, кірісті арттырмайды, еңбеккерлердің жалақысын арттырмайды. Ондай көрсеткіштің не керегі бар? Өткен жылы өтірік көрсеткіштерді бердік, ал одан қазынаға бір тиын да пайда түспеді. Ал, енді сынға ұшырап қалмас үшін ол көрсеткіштерге қалай қол жеткіземіз деп басымызды қатырып отырмыз. Тағы да ескертемін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бюджетті емес, нәтижені басқару керек деп айтқан болатын. Демек, әр салым облыс тұрғындарына пайда әкелуі тиіс. Инвестиция тартылғанда қарапайым халық пайдасын көріп, өмірлерінің жақсарып, жалақыларының өсіп жатқанын сезулері тиіс. Ал, бұл дегеніміз ертеңгі күндері әлеуметтік климатқа әсер ететін кірістер.

 РКС: Мемлекет ауыл шаруашылығы секторын субсидиялауға айтарлықтай қаражат бөледі. Сондай-ақ, майлы дақылдарға биыл облыстық бюджеттен 400 миллион теңге бөлінбек. Мұндай қолдау тетігі бірінші рет қолға алынып отыр. Қазіргі таңда, өңірде 8 май өңдейтін зауыт жұмыс істеп тұр. Барлық ауыл шаруашылық өнімдер сол жерлерде өңделеді.

СНХ: КЕНЕШ ӘЛІМЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жол картасын жүзеге асыру аясында осы жылғы егіс алқаптарының құрылымы әртараптандыру арқылы өсімдік шаруашылығының өнімдерін мейлінше көп алуға бағытталған. Облыс аудандарының ақпараттарына сай осы жылы астық және бұршақ дақылдары 4,8 миллион гектарға, майлы дақылдар 222,8 мың гектар жерге, мал азық дақылы 368,5 ал, картоп 3,2 мың гектарға егілмек.

РКС: Аймақ басшысы аудан әкімдерінің өз жерлеріндегі жобалар жайлы дұрыс білмейтіндерін немесе салғырт қадағалайтындарын атап өтті. Сондықтан да, қажетті көрсеткішке қол жеткізу қиын. Бөлінген қаражат жеткілікті, тек игеру жағы ақсап тұр. Одан қалды өңірде құрылысы сағызша созылған нысандар көп. Мұның бәрі бақылаудың шикілігінен. Нәтижесінде, көптеген сұрақтар жауапсыз қалып, жаңа жобалардың жүзеге асуына кедергі болады. Марат Ахметжанов аудан әкімдеріне өз аудандарының өміріне белсенді араласуды, кездесулер ұйымдастырып тұруды және ауданның дамуына үлес қосып, барлығын қадағалап отыруды міндеттеді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ