ДИКТОР: Көктемгі әскерге шақыру науқанында мыңға жуық ақмолалық отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылды. 7-мамыр Отан қорғаушылар күніне және Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай әскерге шақырылғандар күні аталып өтті. Жоспарға сай қырық көкшетаулықты салтанатты түрде шығарып салу рәсімі болды.

РКС: Салтанатты шара екі мәрте Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-майоры Талғат Бегелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Алмас Алин аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан болашақ сарбаздарды құттықтап, бірнеше әскериге адал қызметі үшін алғыс хат табыстады.

ИНТЕРШУМ: марапаттау сәті

РКС: Сайдың тасындай іріктелген мына жігіттер алдағы 1 жылдарын Астанада өткізеді. Олар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әуе қорғаныс күштері әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қатысты 44813 әскери бөлімде Отан алдындағы борыштарын өтейді.

СНХ: БОЛАТ ХАМЕТОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ӘУЕ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРІ ӘУЕ ШАБУЫЛЫНА ҚАРСЫ ҚОРҒАНЫС ӘСКЕРЛЕРІНЕ ҚАРАСТЫ 44813 ӘБ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 44813 әскери бөлімі Қорғаныс министрлігі әуе қорғаныс күштері әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты әскери бөлім. Ол әскери бөлімде біз Астана әуе кеңістігін қорғау бойынша қызмет атқарамыз. Сол жаққа біз қырық шақырушыны мерзімді қызметке осы Ақмола облысы Көкшетау қаласынан әкетіп жатырмыз.

РКС: Аталмыш бөлімге екінің бірін алмайды, сондықтан, бұл жігіттер өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді. Отан алдындағы борышын еліміздегі іргелі әскери бөлімде өтейтіндердің бірі көкшетаулық Нұрбол Серікқазинов.

СНХ: НҰРБОЛ СЕРІКҚАЗИНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен үшін ел қорғау, жер қорғау ана мен баланың тыныштығы деп білемін. Қымбатты ата-аналар, достар және құрметті командирлер бүгін біз үшін ерекше күн. Біз, жастар, еліміздің қарулы күштері қатарында қызмет етуге аттанатын күн. Сіздердің қолдауларыңыз, бағыт-бағдарларыңыз және бізді бүгінгі күнге жеткізген көмектеріңіз үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Біз иығымызға түсетін жауапкершілікті түсінеміз және бұл сынақты өз мойнымызға алуға дайынбыз.

РКС: Болашақ сарбаздарды әскер қатарына шығарып салуға ата-аналары, туған-туыстары келді. Олар ұлдарының Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, үйлеріне аман-есен оралуларына тілекші екендіктерін жеткізді.

СНХ: САБЫРБЕК ШОҚАМБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Құрметті Отан қорғауға шақырған жастар, сіздерге тілейтінім ақ жол, зор бақыт, жолдарың ақ болсын. Дендеріңізге саулық берсін, бойларыңа қуат берсін. Отанымызды әрқашан да адал қорғап, аман-есен елімізге, туған-туыстарымызға оралуға Алла нәсіп етсін.

РКС: Салтанатты шара барысында болашақ сарбаздарға әскерге қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмке сыйға берілді. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, әскерге кетушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ