ДИКТОР: Бүгін ардагер спортшы Ақмола облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Юрий Дергунов 70 жасқа толып отыр. Өзінің саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған азамат.

РКС: Юрий Дергунов бокс қолғабын 1967 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Рузай ауданына қарасты Возвышен орта мектебінде оқып жүргенде киді. Отбасы Көкшетау қаласына қоныс аударып, осындағы машина құрылысы техникумына оқуға түскен бозбала өңірге танымал бокс бапкері марқұм Амангелді Балтабаевтың қарамағында жаттығуын одан әрі жалғастырды. Әскер қатарынан кейін дене тәрбиесі институтын бітірген соң, жаттықтырушылық қызметін бастап облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры лауазымына жоғарылады. Басшылық пен бапкерлікті қатар алып жүрді. Сол кездегі Кеңес одағының шаршы алаңдарына Көкшетаудан Геннадий Соболев, Асқар Сатыбаев, Қанат Айтанов, Қайыржан Күлгінов және басқа да ондаған өрендерді спорт шебері атандырды.

ИНТЕРШУМ: ЖАТТЫҒУДАН КӨРІНІС

STAND-UP: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТІЛШІ: Білікті бапкер, іскер басшы 70-тің ауылына келді.

СНХ: ВИКТОР СОЛОГУБ, БОКС АРДАГЕРІ: Мен Юрий Дергуновты ұзақ жылдардан бері білемін. Оны спортқа балуан ағасы алып келді. Бәріміздің ұстазымыз марқұм Амангелді Балтабаевтың қарамағында жаттықтық. Юрий өте шапшаң. Техникасы жақсы боксшы болды. Спорт мектебінің директоры бола жүріп, қаншама шәкірт тәрбиеледі.

РКС: Соңғы 5-6 жылдан бері Юрий Дергунов Ақмола облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры қызметінде. Өзінің бай тәжірибесін жас бапкерлерге үйретуден жалыққан емес. Көкшетау қаласының іргесіндегі Қызылтаң ауылының боксшы ұл-қыздарының хал-жағдайын жиі біліп тұрады.

СНХ: ЮРИЙ ДЕРГУНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Мен де ауылда өсіп, сол жерде бокспен айналыстым. Бапкерлік жолым қиын да қызықты болды. Алдымнан тәлім алып шыққан шәкірттерімді жиі кездестіремін. Олар алғыстарын айтып жатады. Ұстаз үшін одан артық мәртебе бар ма?

СНХ: СЕРІК ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ҚЫЗЫЛТАҢ АУЫЛЫНЫҢ БОКС БАПКЕРІ: Мен Юрий Николаевичті 1976 жылдан бері жақсы білемін. Ұзақ жылдар қатар қызмет атқардық. Ол менің шәкірттерімді облыс орталығына шақыртып, жиі-жиі шеберлік сағаттарын өткізді. Қызылтаңның боксшы балаларына қамқор болды. Мерейтойының алдына тағы да кездесіп, ақыл-кеңесін айтты.

РКС: Өмірі спортпен өрілген бокс ардагері Юрий Дергунов былғары қолғап киген жас ұрпаққа үлгі.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ