ДИКТОР: Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Өкінішке қарай, ақшаға құнығып, азық-түлік бағасын негізсіз көтеретіндердің қарасы азаймай тұр. Айталық, осы жылдың 3 айында бағаны негізсіз көтерген бірнеше бизнес субъектісінің ісі әшкере болды. Заң бұзушыларға 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жағдайлар облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мамандары жүргізген мониторинг барысында мәлім болды. Аталмыш департамент өкілдері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын қатаң бақылауға алған.

РКС: Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бірінші сұрыпты бидай ұны, өлшеніп сатылатын кеспе, қарақұмық, күріш, қант, тұз, күнбағыс майы, сүт өнімдері және еттің кейбір түрлері, картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз жатады. Бұл өнімдердің дүкен сөрелеріндегі бағасы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-нен аспауы тиіс. Бірақ Көкшетауда бағаны негізсіз көтерген бизнес өкілдерінің теріс әрекеттері әшкере болды. Әрине, олардың әрқайсы заң аясында жауапқа тартылды.

СНХ: ЕРЛАН ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бес айлық есептік көрсеткіштен басталады. Біріншіде. Ол кіші, орта және жоғары субъектілер деп бөлінеді. Бізде көбінесе сауда орталықтары кіші болып табылады. Сондықтан 5 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Біріншіде. Ең бірінші бұзушылық болатын болса, ескерту болады. Екінші болатын болса онда 5 айлық есептік көрсеткіштен басталады.

РКС: Бірінші рет заң бұзған субъектілерге ескерту жасалады. Ал, егер бір жыл ішінде тағы заң бұзса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10, орта кәсіпкерлікке 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

СНХ: ЕРЛАН ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бизнес субъектілерінің бұзушылық фактілері бойынша 50-29-89 "жедел желі" телефоны арқылы хабарласыңыз немесе инстаграмм парақшасына хабарлама жазуға болады. Хабарламаға қоса фото, видео-фиксация, түбіртектерді де қоса жолдауларыңыз қажет болады. Сондай-ақ, «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігі жанынан «Қоғамдық бақылау пункті» құрылған. Бұл пунктта тұтынушылар сауда қызметі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында бұзушылықтар болған жағдайда жүгіне алады.

РКС: Қоғамдық бақылау пункті Көкшетау қаласы, Қошқарбаев көшесіндегі 61 үйде, 7-ші кабинетте орналасқан. Анықтама телефоны 50-29-89. Сатып алушы ретінде құқықтарыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, осы мекенжай бойынша шағымдануға болады.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАРХАН ДӘУЛЕТ КӨКШЕ АҚПАРАТ