ДИКТОР: Бұланды ауданының 4 ауылын су басты. Осыған орай өткен жұма аталмыш ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды. Баспаналары мен мүліктеріне зақым келгендерге гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Барлығы 4 ауылдан 540 адам эвакуацияланған.

РКС: Бұланды ауданындағы Капитоновка, Журавлевка, Вознесенка, Иванковка ауылдары су астында қалды. Тұрғындарға көмек көрсету мақсатында 13 эвауациялық пункт ашылған. Қиын жағдайға тап болған жерлестеріне қолдау білдіруге ниет білдіріп жатқан аудандықтардың аз еместігі қуантады.

СНХ: НИКОЛАЙ БОНДАРЕНКО, МАКИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз осындай қиын жағдайдың орын алғанын естідік. Қолдан келгенді жасап, гуманитарлық көмек көрсетуді жөн санадық. Бұл барлығымыздың ортақ міндетіміз деп есептейміз.

РКС: Жалпы, Бұланды ауданына 17 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген. Қажетті заттардың жиналуына Астана, Көкшетау қалалары мен Бурабай және Біржан сал аудандарының тұрғындары ат салысқан.

СНХ: АБЫЛАЙ ЖАҚЫПБЕКОВ, АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Өз көмектерімен аудан тұрғындары үлестерін қосып, ат салысып жатыр. Кеше ғана көршілес Бурабай, Біржан сал аудандарынан көмек келді. Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, көкөністер, киім-кешек, дәрі-дәрмек, шаруашылық заттары, көмір де бар. Апат айтып келмейті дегендей, осындай уақытта біз барлығымыз бірігіп, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Күшіміз бірлікте.

РКС: Осынау қиын кезеңде ұжымдық көмектің де көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. Ауруханалар мен балабақшалардың қызметкерлері гуманитарлық көмек пунктіне волонтер ретінде заттарды жинап, орналастыру жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Төтенше жағдай қызметкерлері, жергілікті әкімшілік топан суға қарсы іс-шараларды жүргізіп жатыр. Осындай әрекеттер қазақстандықтардың уақытша қиыншылықты оңай өткерулеріне аз да болса көмек.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ