ДИКТОР: Бұланды ауданында өткен жұмадан төтенше жағдай режимі жарияланды. 11 сәуірде Боқсық өзенінің тасуы салдарынан елді мекендерді су басқан. Эвакуациялық пунктке 540-қа жуық адам жеткізілді, тұрғындардың бір бөлігі туыстарында орналасты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов зардап шеккендердің үйлеріне барып, тұрғындармен кездесті.

РКС: Бүгінде елді мекендегі жағдай тұрақтанды. Тұрғындар үйлеріне оралды. Жергілікті атқарушы органдар қажетті көмекті анықтау және залалды есептеу мақсатында тұрғындарға хабарласуда. Ауылға гуманитарлық көмек - азық-түлік және төсек-орын жеткізілді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданындағы Журавлевка және Капитоновка ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Үйдің жарамдылығын комиссия қарайды. Мүліктеріңізге зардап келсе солардың тізімін бересіздер. Комиссия соны қарайды. Барынша көмек болады. Жем-шөп болады. Егер өлген малдар болса, ветеринариялық инспеция қарап, тексереді. Есептеп, оған да тиісті қаражат бөлінеді. Оған уайымдамаңыздар, бәрі өтеледі.

РКС: Тұрғындар құтқарушыларға қиын жұмыстары үшін алғыс айтуда. Татьяна Гооге туыстарын төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шығарып, қауіпсіз жерге жеткізгенін айтып отыр. Жергілікті әкімшілік те шұғыл көмек көрсетті, үнемі байланыста болды. Нәзікжанды әр тұрғын зардап шеккендерге қолдан келгенше көмектескенін атап өтті.

СНХ: ТАТЬЯНА ГООГЕ, ЖУРАВЛЕВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Туыстарыма жәрдемдескен құтқарушыларға алғыс айтқым келеді. Науқастанған жақындарым бар. Олардың үйі су тасқыны қаупі жоғары жерде тұрған. Шұғыл эвакуация қажет болды. Өзіміздің әкімімізге, Татьяна Ивановнаға жүгініп, көмек сұрадым. Ол кісі уақытылы әрекет етті. Сондай-ақ, жәрдемдескен азаматтарға мың алғыс.

РКС: Аудан тұрғындарымен кездесуден кейін Марат Ахметжановтың төрағалығымен су тасқынына қарсы штабтың отырысы өтті. Облыс әкімі Бұланды ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға залалды жою және оны бағалау бойынша көшпелі комиссияларды жіберуді тапсырды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Көшпелі комиссияға мүлікті бағалай алатын арнайы білімі бар барлық уәкілетті мамандар кіруі керек. Олар тексерісті тез жүргізіп, шешім қабылдай алып, қандай құжаттар тапсырылуы керегі жайлы білуі керек. Тағы еске салғым келеді, бірінші орында баспана тұруы тиіс. Екіншісі, мүлік. Үшіншісі мал.

РКС: Күн тәртібінде аудандағы су тасқынының салдарын жою және халыққа келтірілген залалды өтеу мәселелері қаралды. Қазір ауданда су тасқынына қарсы іс-шараларға 22 арнайы техника, тікұшақ, 3 автобус және 2 газель көлігі жұмылдырылған. Борсық, Жолболды өзендерінде мұз жару жүргізілді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ