ДИКТОР: Көкшетау қаласында «Дарын» спорттық дамыту орталығы ерекше балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауда. Спорт кешенінің жұмысы мен балаларға жасалған мүмкіндіктер туралы толығырақ келесі бейнематериалда.

РКС: «Дарын 1» орталығы мүмкіндігі шектеулі ересектерге арналған. Мұнда бір уақытта 50 адам жаттыға алатын заманауи спорт құралдарымен жабдықталған спорт зал, 2-ші қабатта жекпе-жек жаттығуларын өткізетін күрес залы бар.

СНХ: АЛМА ХАМИТОВА, "ДАРЫН" СПОРТТЫҚ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қоян-қолтық ұрыс федерациясының қоғамдық бірлестігі 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде біз талай спорттық шараларды жүзеге асырдық. 2020 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт залға баруын қамтамасыз ету жобасын қолға алдық. Қоян-қолтық ұрыс федерациясы Көкшетау қаласында екі орталықтың жұмысын ұйымдастырды.

РКС: Ақмола облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясы қоғамдық бірлестігі спортпен шұғылданамын деген жандарды көптеп тарту мақсатында «Дарын-2» спорт кешенін жалға алды. Ол Момышұлы көшесі 85-ші үйде орналасқан. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар алынды. Қазір ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін спорт және оқу пәндері бойынша топтар ұйымдастырылған.

СНХ: САЙРАН ҰСТАЖАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл мекемеге келіп жүргенімізге бір жылдай болды. Бізге мұнда ұнайды, әсіресе ұлым қуана келеді. Баламды бұған дейін түрлі спорт секцияларына апарғам, түрлі себептермен оған ұнамайтын. Мұнда онымен бірге жұмыс істейтін жақсы жаттықтырушылар бар. Мұғалімдер кәсіби мамандар.

РКС: Орталықта жылына 150-ден аса адам спортпен шұғылданады. Спорттық дамыту орталығына жазылу үшін мүгедектігін растайтын анықтама қажет. Орталыққа көру немесе есту қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе церебральды сал ауруы, аутизм, Даун синдромы бар балалар келе алады.

ИНТЕРШУМ: жаттығудан көрініс

РКС: Аталған орталыққа келіп жаттығамын деген мүмкіндігі шектеулі жандарға абонемент беріледі. Сол жолдамамен жаттығамын деген жандар орталыққа өзіне ыңғайлы уақытта келе алады.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, МАДИНА ӘБДІКӘРІМОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ