ДИКТОР: Бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері конкурс өтпей-ақ, өңірлердегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға осындай өзгеріс енгізілмек. Ол үшін түлек мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу аяқтап, жоғары орташа баллға ие болуы тиіс. Өткен жылы аталмыш академияның 13 түлегі осы мүмкіндікті пайдаланған. 1-сәуірде Мемлекеттік басқару Академиясының қабылдау кампаниясы басталды. Құжаттарды қабылдау онлайн форматында жүзеге асырылады және 26-маусымға дейін жалғасады.

РКС: Осы жылға Академия 8 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама әзірледі. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын тұлғалар үшін негізгі кәсіптік қызметпен байланысқан 2 модульдік бағдарлама жасалды. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға барлығы магистратураға 120 грант және докторантураға 12 грант бөлінді.

СНХ: ЕРЖАН ЖАРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Академияға мемлекеттік тапсырыс аясында магистрлік білім беру бағдарламаларына қабылдану үшін кандидаттың мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін кем дегенде 5 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға түсетіндерге мемлекеттік органның немесе аппарат басшысының қолы қойылған мемлекеттік органнан жөнелтілген жолдамасы беріледі. Бағдарламаларға түсетіндердің барлығында мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетінін куәландыратын Qazaq RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы керек. Бұл талап шетелдік азаматтарға қатысты емес.

РКС: Байқаудың бірінші кезеңі – аналитикалық эссе жазу. Ол 29-маусым күні өтеді. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын 26-маусымға дейін жүктеп үлгеріп, 7-шілдеге дейін бағасын алады. Соңғы кезең – сұхбат түрінде өтеді. Ол шілде айының 1-і мен 20-сы аралығында Академия қабырғасында оффлайн форматта өтеді.

СНХ: ЕРЖАН ЖАРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 22-шілдеде аралық қорытынды шығарылып, алдын ала қабылданғандардың тізімі жарияланады. 5-тамызда шарттарға қол қойылғаннан кейін оқуға қабылдау туралы бұйрық шығады. Биыл қабылдау ережелеріне шамалы өзгеріс енгізілген. Біріншіден, "Халықаралық қатынастар", "Мемлекеттік саясат" және "Экономика" бағыттары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға қысқарды.

РКС: Биылғы жылы "Мемлекеттік басқару" бағдарламасына құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардан үміткерлер қабылданады. Қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күн. Нәтижелер 5-тамыз күні жарияланады. Толық ақпарат Академияның сайтында қол жетімді. Үміткерлермен консультация жүргізетін комиссия жұмыс істейді.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.