ДИКТОР: Тәуелсіздік жылдарында Ақмола облысының аумағында тарихи-мәдени ескерткіштер саны артқан. Әсіресе, тарихи тұлғаларды тануға бағытталған мүсіндерге ерекше ден қойылды. 18-ші сәуір халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осы мереке қарсаңында тарихи және мәдени ескерткіштерді кеңінен насихаттау жұмысы қыза түскен.
РКС: Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа баяндайтын тарихи ескерткіштер. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні алғаш рет 1984 жылдан бастап аталып келе жатыр. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО-да құрылған Халықаралық ескерткіштер мен тарихи жерлерді қорғау жөніндегі Ассамблея кеңесі мақұлдады. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні аясында облыстық мәдени басқармасының бастамасымен өңірде ауқымды шараларды қамтитын онкүндік жарияланған.
СНХ: АЙГҮЛ СӘБИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Онкүндік ауқымды іс-шараларды қамтиды, атап өтсек, «Бабалар ескерткіштері - ұрпақтарға аманат» атты Ақмола облысының киелі объектілеріне, тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне экологиялық акция өткізу, «Қазақ халқының қаһармандары» атты, еліміздің батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық деңгейде диктант, «Қазақ археологиясының атасы-Әлкей Марғұлан» - Әлкей Марғұланның 120 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференция, дөңгелек үстел, тарих сабақтары, әдеби кештер және тағы басқа көптеген іс-шаралар.
РКС: Айта кетейік, мамыр айында Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне сквер ашылады деп жоспарланып отыр. Биіктігі шамамен 6 метр болатын қола ескерткіш те сол жерге орнатылмақ. Сонымен қатар, биыл Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың та ғасырлық мерейтойы. Айтулы дата аясында бірқатар шара ұйымдастыру жоспарланған. Облыстағы тарихи-мәдени мұра нысандарын насихаттау және қорғау жұмыстары да басты назарда.
СНХ: ЖАСҰЛАН ҮКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазіргі таңда 1533 ескерткіш болса, жылда барлау жұмыстарының нәтижесінде оның қатарына кем дегенде 50 археологиялық ескерткіш қосылады. Бұл дегеніміз біз барлау жұмыстарының нәтижесінде көптеген түркі заманының ескерткіштерін қорғап, сақтап мемлекет қорғауына аламыз. Жалпы, біздің тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы түрлі акцияларды өткіземіз. Бізде 1034 археологиялық ескерткіш болса, 500-ге жуық жергілікті маңызы бар қала және архитектуралық ескерткіш бар. Оларға байланысты түрлі акциялар ұйымдастырылады. Студенттерге дәріс сабақтары өткізіледі, ең бастысы жазда жүргізілетін барлау жұмыстары.
РКС: Бүгінгі таңда облыста 1700-ден астам тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынды. Оның 5-і республикалық маңызы бар, 1 мыңнан астамы жергілікті маңызы бар ескерткіш. 47-сі киелі нысандар тізіміне іліккен. Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра тарихи-мәдени жәдігерлер – өткен тарихтың куәсі. Олар кейінгі ұрпаққа аманат.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ПАВЕЛ ПОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ