ДИКТОР: Көкшетауда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға мемлекеттік органдар мен жеке сектордың өкілдері қатысты. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер жастарға еңбек нарығындағы сұранысқа ие бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, кәсіби тұрғыда даму үшін қажетті кеңестер мен бағыт-бағдар ұсынды. Іс-шара ай сайын жастарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетіп, түлектер мен жас мамандар үшін мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтпек.
РКС: Жастар тек ұсыныстармен танысып қана қоймай, жұмыс берушілермен сұхбаттасуға да мүмкіндік алды. Сондай-ақ, консультациялық қолдау шаралары да ұйымдастырылды.
СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Шара барысында жастарға түрлі саладағы бос жұмыс орындары таныстырылып, әрбір қатысушы ұсынылған жұмыс орындарының шартымен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, «Отбасы банк» өкілдері мен білікті заңгерлер заң және тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес берді.
СНХ: АНАСТАСИЯ ПЕПЕЛЯЕВА, «АРНА» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Биыл соңғы курста оқып жатқандықтан, жұмысқа орналасу мәселесі мен үшін маңызды. Шара барысында бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасып, өзіме болашақта таңдау жасау үшін қажетті ақпарат жинадым. «Жастар Рухы» жастар қанатына осындай игі жобаларды ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін.
РКС: Жәрмеңкеде қатысушылардың назарына жұмысшы мамандықтардан бастап, кеңседегі қызметтерге дейін бос жұмыс орындары ұсынылды. Бұл қатарда «Новопэк» серіктестігі де бар.
СНХ: ДАНА НҰРАХМЕТОВА, «НОВОПЭК» СЕРІКТЕСТІГІ КАДР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мансап орталығы айына 1-2 рет осындай іс-шаралар ұйымдастырады, біз осы шараларға жиі қатысып тұрамыз. Бұл іс-шаралар жұмыс іздеп жүрген жастарға өте жақсы мүмкіндік. Бізде әсіресе, тігіншілер мен тоқвмашыларға сұраныс жоғары.
РКС: Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, олардың кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге айтарлықтай ықпал етпек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ