ДИКТОР: Ақмола облысы бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 90 жұмыссыз азаматты еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтарға дайындау көзделген. Қазіргі таңда олардың алпысқа жуығы арнайы курстарға жолданып, жаңа білім алуға кірісіп кетті.

РКС: Қысқа мерзімді кәсіби оқыту жұмыс берушілердің сұранысына сай оқу орындарында, сонымен қатар тікелей өндіріс орындарында да ұйымдастырылуда. Бүгінде курстарға жіберілген 60 адамның 34-і білімін шыңдап жүр. Олардың 26-сы оқуын тәмамдап, жиырмасы тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.

СНХ: ӘСЕЛ БІЛӘЛОВА, БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУШЫ: Жұмыс іздеп жүріп, халықты мансап орталығына бардым. Сол жерде маған қысқа мерзімді оқуға ұсыныс жасалды. Қазір үшінші ай оқып жатырмын, жуырда аяқтаймын. Осындай бағдарламалардың бар екеніне өте қуаныштымын. Әсіресе жастар үшін үлкен мүмкіндік, себебі жұмыс табуға жол көрсетіп, тез бейімделуге көмектеседі. Бұл – шынымен де керемет.

РКС: Белгіленген тәртіп бойынша қысқа мерзімді курстардың ұзақтығы алты айға дейін жалғасады. Ал оны тәмамдаған түлектерді жұмыс берушілер кемінде жарты жылға, қажет болса бір жылға дейін тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті.

СНХ: ЖАНАР НҰРҒОЖИНА, ЖҰМЫС БЕРУШІ: Біз мансап орталығымен бұл бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері тығыз әріптестік орнатып келеміз. Арнайы әзірленген оқу бағдарламасы өзін толықтай ақтап шықты. Үшінші жыл қатарынан бізге осы мамандықты меңгергісі келетін жас мамандар келіп, кейін осында тұрақты жұмыс істеп жүр. Бұл – өте қолайлы әрі кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау.

РКС: Қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламасы бүгінде барлық жұмыссыз азаматтар мен қандастарға қолжетімді. Бағдарламаға қатысу үшін бар болғаны жақын орналасқан мансап орталығына барып, өтініш білдіру жеткілікті.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ