ДИКТОР: Жарқайың ауданы Державинск қаласындағы Николай Островский атындағы «Жалпы білім беретін мектепте» балалардың дамуы мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған екі бірдей жаңа кабинет ашылды. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға арналған «Тең мүмкіндіктер – сенімді болашақ» инклюзивті кабинеті мен кәсіптік бағдар беру мақсатындағы «Жасыл зертхана» кабинеті.
РКС: Инклюзивті кабинет заманауи дидактикалық және коррекциялық құралдармен жабдықталған. Мұнда жұмыс, ойын, релаксация және жеке сабақтарға арналған аймақтар бар. Балалармен логопед, дефектолог және педагог-психолог мамандары жұмыс істейді. Ал жұмысшы мамандықтар жылы аясында ашылған «Жасыл зертхана» кабинетінде оқушылар биология, экология және агрономия негіздерін меңгеріп, заманауи кәсіптермен тәжірибелік тұрғыда таныса алады. Мектеп ауласында 25 шаршы метрлік жылыжай орнатылған. Сондай-ақ, «Жер-1» серіктестігімен ынтымақтастық арқылы оқушылар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие.
СНХ: РЫСКЕЛДІ ШЕГЕБАЕВА, Н.ОСТРОВСКИЙ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Жасыл зертхана» сыныбы ашылды. Бұл жерде оқушылар өсімдік отырғызады. Кәсіби бағдарға баулитын заманауи жылыжай. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қабілетін толықтай ашуға жағдай жасайтын инклюзивті кабинет ашылды. Кабинетте үш маман жұмыс істейді, ал мұнда 12 бала білім алады. Оқу бөлмесі Монтессори әдістемесіне негізделген жабдықтармен, интерактивті панельдермен және түрлі оқу-дамытушы материалдармен қамтамасыз етілген.
РКС: Айта кетейік, педагог - психологиялық инклюзия кабинеттері аудан орталығындағы екі мектепте және Гастелло ауылындағы негізгі мектепте жұмыс істейді. Державинск қаласындағы №7 коррекция кабинеті жыл сайын жүзге жуық балаға көмек көрсетіп келеді. Мәселен, соңғы 14 жылда 500-ден астам оқушы қолдау алып, нәтижесінде олардың көпшілігі колледждер мен жоғары оқу орындарында білімін жалғастырған. Жаңа кабинеттер білімге тең қолжетімділікті арттырып, балалардың қабілетін дамытуға жағдай жасайды. Бұл кабинеттер 1 қыркүйектен бастап оқушыларға есік ашты.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ