ДИКТОР: Екпе егу арқылы аурудың алдын алуға болады. Қазір облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен, дәрігерлер қызылша мен көкжөтел бойынша алаңдатарлық деректер келтіріп отыр. Биыл қызылшаға шалдыққан науқастардың басым бөлігі – балалар, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилер мен жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық жоғары. Мамандардың айтуынша, бұған себеп - ата-аналардың екпе алудан бас тартуы. Қауіпті індеттердің алдын алу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды екпеден бас тартпауға шақырады.
РКС: Өңірде қызылша мен көкжөтелге шалдығу азайғанымен, балалар арасындағы жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері қызылшамен сырқаттанудың 226 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 74 процентке төмен. Көкжөтел бойынша да жағдай ұқсас. Жыл басынан бері 7 жағдай тіркелді, оның басым бөлігі екпе алмаған балалар арасында анықталған. Көкшетау қаласында, сондай-ақ Бурабай, Зеренді және Есіл аудандарында тіркелді.
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Неліктен біз бұл мәселеге ерекше назар аударып, барша тұрғынды вакцина алуға шақырамыз? Өйткені бүгінде вакцина қолжетімді, сапасы жоғары, жылдар бойы тәжірибеден өткен және барлық қажетті сертификаттаудан өткен. Статистикалық деректерге сүйенсек, көкжөтелмен сырқаттанушылық 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Ең көп сырқаттанушылық мектеп жасына дейінгі балалар арасында анықталған, ал мектеп жасындағы балалар арасында бір ғана жағдай тіркелген. Дәрігерлер бұл деректі вакцинацияның қаншалықты маңызды екенін көрсететін нақты дәлел деп бағалайды.
РКС: 1-ші қазаннан тұмау мен вирустық инфекцияның эпидемиялық маусымы басталады. Осыған орай 15 қыркүйектен бастап халыққа тұмауға қарсы тегін екпе егіледі.
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Эпидемиялық маусымға арналған шаралар аясында Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдар 78 мың доза вакцина сатып алуды жоспарлап отыр. Вакцина ретінде «Гриппол Плюс» қолданылады. Ол соңғы бірнеше жыл бойы бізде пайдаланылып келе жатқан Ресейде өндірілген вакцина. Қазір вакцинацияға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде екпе кабинеттерін дайындау және вакцина алуға жататын адамдарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
РКС: Тұмауға қарсы профилактикалық екпені азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаларда тегін ала алады. Әсіресе бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ инфекция жұқтыру қаупі жоғары санаттағы азаматтарға қолжетімді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ