ДИКТОР: Еліміздегі мектептердің үштен екісі аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан. Қала мен елдімекендегі білім сапасын тең қамтамасыз ету үшін ауқымды реновация бағдарламасы бастау алды. Биыл облыс аумағында 77 білім беру нысаны жаңартылды. Солардың қатарында Астрахан ауданына қарасты Камышенка орта мектебі де бар.

РКС: Камышенка ауылының оқушылары бұған дейін 1973 жылы салынған мектептің ғимаратында оқып келген еді. Оқу жылы аяқталысымен мамыр айында күрделі жөндеу басталып кетті. Материалдық-техникалық базаны кешенді жаңартудың аясында ғимараттың іші-сыртында жұмыс қызу жүргізілді. Ауылдың 124 оқушысы жаңа оқу жылын толықтай жаңартылған, заманауи ғимаратта қарсы алды.

СНХ: НАТАЛЬЯ ЧЕРНОТЫРЕЧ, АТА-АНАЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Мектебімізге күрделі жөндеу жасап берген барша басшыға ата-аналардың атынан алғыс білдіремін. Балаларымыз кең әрі жарық, заманауи ғимаратта білім алады. Мұғалімдерге де жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған.

РКС: Ғимараттың терезелері толық ауыстырылып, жаңа желдеткіш жүйесі орнатылды. Электр сымдары толық жаңартылды. Бұдан бөлек, жаңа модификациялы кабинеттер сатып алынды. 17 мұғалім бар. Жаңартылған мектепте оқушыларға, сонымен бірге мұғалімдерге де жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған.

СНХ: БИБІГҮЛ ТҰМАТАЕВА, КАМЫШЕНКА ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Биыл біздің мектеп реновация бағдарламасынан өтті. Ғимаратымыз жарық, жаңа кабинеттер жасақталды. Биыл химия, биология кабинеттері жарақтандырылды. Былтыр физика кабинеті жабдықталған еді. Ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар оң өзгерістерге қуанып жатыр.

РКС: Айта кетейік, Қазақстанда 2025-2027 жылдарға арналған мектептерді жаңғыртудың үшжылдық жоспары бекітілді. Оның аясында осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1200-ден астам мектеп жөнделеді. Соның ішінде Ақмола облысында 90 білім беру мекемесін күрделі жөндеу қарастырылған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ