ДИКТОР: Театр – адамзат мәдениетінің ежелгі қайнар көзі. Оның адам мен қоғам өміріндегі рөлі түрлі дәуір мен мақсатқа байланысты өзгеріп отырды. Облыс орталығында қазақ және орыс драма театрлары жұмыс істейді. Ақмола облыстық орыс драма театры жарты ғасырға жуық көрерменін тың дүниелерімен қуантып келеді. Осы уақыт аралығында көптеген театр фестиваліне қатысып, өзінің "ТеАРТ-Көкше" атты өнер шеберханасын құрды. Халықаралық театр күні біздің түсірілім тобы аталмыш ұжыммен жүздесіп қайтты.

РКС: Театр, бұл сахнадағы сәнді костюм киген актерлерден ғана құралмайды. Бұл жерде түрлі шеберханада еңбек ететін өзге де қызметкерлері бар қайнаған тіршіліктің ортасы. Әр спектакльдің сахнаға шығу тарихы бар. Театрдағы ең құнды қызметкердің бірі-костюмер. Ол костюмдердің сыртқы пішімін қадағалайды. Қойылым аяқталған соң да оны ұқыпты қабылдап алып, бүлінген жері болса қалыпқа келтіреді. Шығармашылық процеске кедергі келтірместен, сахналық киімді әп-сәтте ауыстыруға да зор үлес қосатын костюмер. Бір қараған адамға қызық болуы мүмкін, бірақ, оңай шаруа емес.

СНХ: ЖАННА ЭЛЕНД, ОБЛЫСТЫҚ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КОСТЮМЕРІ: Костюмдерді спектакльге дайындаймыз. Актерлерді киіндіреміз. Тез шешініп, тездетіп басқасын ауыстыратын кез болады. Сол тұста жәрдемдесеміз. Костюмдердің әдемі қалпында сақталуын қадағалаймыз. Арнайы тігін цехымыз бар. Костюмдеріміз сонда тігіледі. Кейде киімдер спектакльге сай болмағандықтан, оларды өзгертіп, басқаша тігеміз. Көп костюмдеріміз бар. Цехымыз да киімге толы.

РКС: Актер – бесаспап шығармашыл тұлға. Ол сахнада ән де айтады, би де билейді. Керек кезде үн-түнсіз образды да сомдап шығады. Актерлер мамандығын шын сүйетіндерін айтады. Өйткені, сахна арқылы талай өмірді бастан кешіреді. Актер мен автор шығармасының арасын байланыстырушы - режиссер. Ол актерге бағыт-бағдар беріп, оның алдына белгілі бір сахналық міндет қояды.

СНХ: ОЛЬГА ЛУЦИВА, ОБЛЫСТЫҚ ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ: Әрине, кез келген режиссер махаббат немесе жалғыздық, өткір әлеуметтік мәселедегі тақырыптарға келгенде толқиды. Драматургия арқылы өз ойын, ішкі толқынысын көрсетудің сан жолын іздейді. Режиссер мен драматургияның идеясы сәйкес келсе, онда спектакль ұтымды шығады.

РКС: Театр адамгершілікті сезінуге, ұғынуға жетелейді. Театрға неғұрлым көп барған адам сезім мен эмоцияны өзгеше білдіруді үйренеді. Сонымен қатар әлеммен және өзге де адамдармен өзара қарым-қатынасты жақсарту қабілеттерін дамыта алады.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ