ДИКТОР: Қаңтардың бірінен бастап бизнесті тексеруге қатысты мораторий аяқталды. Осыған орай, көптеген саланың өкілі стандарт пен заңнаманы сақтау тақырыбын көтеруде. Облыстық кәсіпкерлер палатасының білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңесінің кезекті отырысында косметологиялық қызмет өкілдерінің мәселелері қаралды. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалауды енгізу туралы сөз қозғалды. Әлеуметтік кодекс аясында осы саладағы өзгерістер туралы да жан-жақты айтылды.

РКС: Отырыста шағын және орта бизнестің проблемалары талқыланды. Атап айтқанда, косметология саласында лицензия алу қиынға соғып тұр. Кәсіпкерлер палатасына косметологиялық клиникалар мен кабинеттердің иелері шағымдануда. Заңда дерматокосметология мен дерматовенерология саласы жеке қаралмағандықтан, бизнес өкілдері медициналық қызметке лицензия ала алмай жүр.

СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Палата сарапшылары еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы медициналық фармацевтикалық бақылау комитетіне 2020-2023 жылдар аралығында өңірде осы салада қанша лицензия берілгені туралы, сараптама жасау мақсатында сауал жіберген болатын. Жедел жауап келді. Өңірде мұндай лицензия бұрын-соңды мүлдем берілмеген. Шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші нөлге тең.

РКС: Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары косметология көлеңкелі бизнес қатарында және нақты заңнамамен реттелмеген деген қорытындыға келді. Оның үстіне, жекеменшік кабинеттер үшін, әсіресе шағын елдімекендерде талап етілетін жабдықтар тізімі асыра сілтеп көрсетілген. Осы салада тәжірибесі бар косметологтар осылай деп отыр.

СНХ: ЕЛЕНА ЯКОВЛЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Дерматокосметолог және дерматовенеролог кабинеттеріне қажетті жабдықтың тізімдемесіне 170-ке жуық аталым енгізілген. Дерматология мен венерология салаларын бөліп қараған жөн. Себебі қазір дерматокосметологтар жұмыс істейтін жеке кабинеттер көп. Ал венерологиямен айналысатындар әлдеқайда аз. Өкінішке қарай, заңда дәрігер-косметологқа арналған жабдықтардың жеке тізбесі жоқ.

РКС: Дәріхана ұйымдары дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалауды және қадағалауды енгізу тақырыбына тоқталды. Бизнес өкілдері қажетті жабдықтар, жүйелерді есепке алу мен ықпалдастыруға қатысты мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлік субъектілерінің салалық проблемаларды талқылауға қатысуы өңірдегі бизнестің дамуына ықпал етпек. Отырыс қорытындысы бойынша қойылған сұрақтар мен барлық ұсыныс «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ