ДИКТОР: Облыс аудандарында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Алдын алу жұмыстарына қаражат бөлініп, техника дайындалуда. Елді мекендерді инженерлік қорғауға қатысты да шаралар жалғасып жатыр. Сондай-ақ, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде.

РКС: Біржан сал ауданында төтенше жағдайларға 11 млн. теңге қарастырылған. Шұғыл шығындар мен төтенше жағдайдың салдарын жоюға және оның алдын алуға резервте тағы 20 миллион теңге бар.Су тасқынына келетін қауіпті сейілтуге байланысты шаралар туралы тұрғындарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандыру және оқыту мақсатында жұмыстар да атқарылуда. Жекеменшік секторларда аулаларды аралап, түсіндірілуде. Елді мекендерден 38 мың текше метрден астам қар шығарылды.

СНХ: ЖӘНІБЕК ҚАЛИЕВ, БІРЖАН САЛ АУДАН ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Су тасқыны кезеңіне Степняк қаласында 500 дана қапшықтар, 10 тонна инертті материал дайындалды. Елді мекендерде инертті материал қоры жеткілікті, 2 тонна жанар-жағармай, сондай-ақ азық-түлік те жеткізілді. Оған қоса, 4 палатка мен 60 дана төсек-орын жабдығы дайындалды. Тұрғын үйлерді су басып қалған жағдайда 6 мотопомпа бар. Суды сорып алатын 2 көлік дайын тұр. 40 адам мен 48 техника сақадай-сай.

РКС: Көктемгі су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін 20-шы наурыздан бастап Жақсы ауданының азаматтық қорғау ішкі жүйесі жоғары дайындық режиміне көшті. Төтенше жағдайға бюджеттен 31 миллион теңге қарастырылса, қар шығару мен жолдарды тазалауға 25 миллион теңге бөлінді. Қар суының көбейіне байланысты жыл сайын көктемде Киевское, Беловодское, Подгорное мен Чапаевское ауылдарына қатынас тоқтайды. Өйткені, автожолдардың төсемі Қайрақты өзені арқылы өтеді. Қазір бұл ауылдарға алғашқы қажеттілік деп саналған азық-түлік пен дәрі-дәрмектер жеткізілуде.

СНХ: ОЛЖАС ӘБЖАНОВ, ЖАҚСЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі күнге дейін елді мекендерден 62 мың текше метрден астам қар шығарылды. 6 шақырым болатын 15 арна, 4 шақырымдай 12 арық тазартылды. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдардағы су өткізетін 32, республикалық маңызы бар жолдардағы 37 құрылғы да аршылды. Теміржолдағы 40-қа жуық су өткізетін құрылғы тазартылды. Бұлардың бәрі ауданның аумағы арқылы өтеді. Эвакуациялық 12 бекет дайындалды. Ол жерге шамамен 200-дей адамды орналастыруға болады.

РКС: Жаңа қима ауылының тұрғындары су астында қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. 12 үйді қызыл су басып кетуі ықтимал. Бұл елді мекенде 10 тоннадай инертті материал мен 300 қап дайындалған. Мотопомпа мен 1 қайық та жетикізіліпті. 1-шң сәуірден бастап Есіл өзенінде тәулік бойы бақыланатын бекет орнатылады. Көктемгі су тасқынына дайындық аясында қос ауданда барлық гидротехникалық құрылғылар толық тексерістен өтті. Тасқын суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етуге байланысты тиісті алдын алу шаралары қабылданды.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАРХАН ДӘУЛЕТ, КӨКШЕ АҚПАРАТ