ДИКТОР: Ақмола облысында күн күрт жылынып, қар тез ери бастады. Салдарынан, Көкшетаудың ішімен ағып өтетін Қылшақты өзенінің деңгейі 175 сантиметрге көтерілген. 12-ші мектептің жанында орналасқан көпірді өткен түнде су шайып кетті. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп, өзеннің деңгейі бақылауға алынған. Өзен маңайында орналасқан жер үйлерді су басу қаупі бар ма? Қандай шаралар атқаралып жатыр? Әріптесім Лаура Дәулетбек баяндайды.

STAND-UP: ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ТІЛШІ: Әшімов көшесі бойында орналасқан үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті тиісті жұмыстарды ұйымдастыруда.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қылшақты өзені бойынша қазіргі уақытта 12 мың текше метрге дейін қамыс шабу жұмыстары атқарылған болатын. Бүгінгі таңда Қылшақты өзені бойынша су деңгейінің көтерілуі бақылануда. Сондықтан да, осы көпірді уақытша жабуға шешім қабылданды. Су сору жұмыстары ұйымдастырылуда.

РКС: Өзен әзірге тыныш. Су деңгейін бақылау мақсатында суды өлшейтін сызғыштар орнатылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жалпы, биыл өңірде қар мол жауды. Таулы өлкелерде қар тіпті қалың. Олар күрт ерісе облыс орталығындағы "Застанционный" шағын ауданы мен Құсайынов, Ерғалиев, Тәшенов көшелерінің қиылысында орналасқан жер үйлерді су басу қаупі бар. Оған қоса ауа райын болжаушылар алдағы күндері жауын-шашын болады деп отыр.

СНХ: МӘДИ ДИҚАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Көкшетау қаласында арықтар суға толып тұр. Жүру қиын болып жатыр, әсіресе үлкен кісілерге.

РКС: Қазір бұл аймақтарда қар шығарылып, арықтарды тазартып жатыр. Облыс орталығындағы көктемгі тасқынның алдын-алу шараларына 70-ке жуық арнайы техника мен 60-тан астам адам жұмылдырылған.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қаңтар, ақпан айларында су тасқынының алдын-алу жұмыстары жүргізілді. Яғни, қар шығару. Қазіргі уақытта 150 мың метр кубтен астам қар шығарылды Көкшетау қаласы бойынша. Сонымен қатар, Уәлиханов көшесі бойымен өтетін, Вавилов көшесінен бастау алатын арықтың жолын тазалау, мұзын шығару жұмыстары атқарылды.

РКС: Су тасқынының алдын-алу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 50 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жауапты сала мамандары сақтық шаралары тәулік бойы жүргізілетінін мәлімдеп отыр.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ